UFC «Qazsport» телеарнасына қайта оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

UFC «Qazsport» телеарнасына қайта оралды

17.01.2020
UFC «Qazsport» телеарнасына қайта оралды

18 қаңтарда әйгілі спортшы Конор Макгрегор октагонға қайта оралады. Ирландиялық спортшы америкалық Дональд Серронемен Лас-Вегаста айқасқа түседі. Кездесуді «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Конор Макгрегор UFC 246 турниріне дейін 25 жекпе-жек өткізіп, 21 мәрте қарсыластарын қапы қалдырды. Ол 15 ай бойы жекпе-жек өткізген жоқ. Конор соңғы кездесуінде жеңілмеген ресейлік спортшы Хабиб Нұрмағамедовтен ұтылды. 

«Ковбой» өткен жылы 4 кездесу өткізді. Екі рет қарсыластарынан басым болғанымен, қос жекпе-жегінде жеңілістің ащы дәмін сезінді. Америкалық тәжірибелі спортшы 49 мәрте айқасқа түсіп, 36-ын жеңіспен аяқтаған.

16 қаңтар күні Лас-Вегас қаласында қос спортшының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Олар журналистер қойған сұрақтарға жауап беріп, бір-бірімен көз арбасты. Әркез қызуқандылық танытатын ирландиялық спортшы бұл жолы америкалық «Ковбойға» жылы шырай танытты. 

Конор мен «Ковбойдың» кездесуі - жаңа жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі. Аталмыш жарысты «QAZSPORT» телеарнасы бастан-аяқ тікелей эфирде көрсетеді. UFC 246 жарысы 19 қаңтар күні елорда уақытымен сағат 07:00-де басталады. «Qazsport» телеарнасы 5 сағат бойы көрерменге ерекше әсер сыйламақ. 

Хабарламаларға жазылу