Шығыс Қазақстан облысында 5 балалы отбасы улы газдан аман қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында 5 балалы отбасы улы газдан аман қалды

15.01.2020

Шығыс Қазақстан облысында 5 балалы отбасы шағын ғана құрылғының арқасында улы газдан аман қалды. Мұндай қондырғыларды өрт сөндірушілер соңғы 3 жылдан бері тегін орнатып жүр. Пеш жағып күнелтіп отырған жұрттың қауіпсіздігіне кепіл болған құрылғының қажеттілігіне бүгніде бәрінің көзі жеткен.

Таврия ауылының тұрғыны Қаламқас Азипованың үйіне мұндай құрылғы таяуда ғана қойылды. Бұл отбасыда бес бала бар. Үй пешпен жылытылады. Мұржа бітеліп қалғандықтан улы газ ішке тараған. Дабыл құрылғысы болмағанда шырт ұйқыдағы жандардың оянуы неғайбыл еді.

Жыл басынан бері өңірде құрылғының арқасында 4 отбасы ажалдан аман қалды. Дыбысты сигналды ести сала тұрғындар бірден өрт сөндірушілерге қоңырау шалған.

Ал Бесқарағай ауданының тұрғыны дабыл құрылғысы белгі бергенде оны сөндіріп тастап, қаннен қаперсіз ұйықтай берген. Ертеңінде иіс тиіп аураханадан бір-ақ шықты. Жалпы, пештен шығатын улы газдан былтыр облыста 15 адам қайтыс болған. Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйіне осы қондырғыларды орнату жұмысы жалғаса бермек.

Бүгінде облыс бойынша барлығы осындай 1600 құрылғы орнатылған. Осы айдың соңына дейін олардың санын 2500-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу