Ұшақтан шашылған жанармайдан 56 оқушы зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақтан шашылған жанармайдан 56 оқушы зардап шекті

15.01.2020

АҚШ-тың Калифорния штатында жолаушылар ұшағы аспанда жанармай шашып, одан 56 оқушы зардап шекті. Лос-Анджелестен Шанхайға бағыт алған әуе кемесі көкке көтерілген соң, оның қозғалтқышында ақау анықталған. Сондықтан ұшқыш әуежайға кері қайтып, апатты жағдайда қону кезінде артық салмақ болмас үшін, жанармайдан арылуды ұйғарады. Ауада бу боп тараған сұйық отын 5 бастауыш мектеп үстіне төгілген. Соның салдарынан, далада жүрген балалардың терісі тітіркеніп, жағымсыз иістен бастары айналып, тынысы тарылған. Дегенмен, медициналық тексерістен кейін олардың барлығы үйлеріне қайтарылды.

Қазір оқиғаға байланысты құзырлы органдар әуе кемесін пайдалану кезіндегі ережелерді бұзу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу