Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

15.01.2020
Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек. Бұл туралы Ақордада Президенттің кадр резервіне енген жастармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Норвегия, Жаңа Зеландия, АҚШ мемлекеттік аппарат қызметіне ақылға қонымды икемділік және ептілік принциптерін енгізу преспективасын белсене зерделеп жатыр. Көптеген елдер Ұлыбритания үлгісінде Үкімет жанынан жобалық кеңселер құру арқылы проджект-менеждментке көшуде. Бізде де соған күш салынып жатыр. Олардың тиімділігін тыңғылықты зерделеу қажет. Бірақ, біз мұндай тәжірибені қолдаймыз», - деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің атап өтуінше, мұндай жаңашылдықтардың жалпы мақсаты - адамдарға жақын болу. 

«Дұрысында сөз мемлекеттік қызметтің сервистік моделі жайында болып отыр. Қазақстанға да қоғамның сұранысына бара-бар, тиімді әрі әділ мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек. Бұл ретте ол ең заманауи технологияларды пайдалануға негізделуі тиіс. Осының барлығын ескере келе біз мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға кірістік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқартылатындығын ескертті. 

«Босаған қаражат барынша пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалатын болады. Жолдауымда айтылғандай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің санын ұлттық компаниялардың қызметкерлерімен қоса алғанда 25 пайызға қысқарту жоспарланған», - деді ҚР Президенті.

Хабарламаларға жазылу