Аттестациядан өтпеген 37 судья жұмыстан босатылған

13.01.2020

Былтыр ел көлемінде заңсыз шешім қабылдып, сот әдебін бұзған және аттестациядан өтпеген 37 судья жұмыстан босатылған. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Жоғары сот төрағасы осындай дерек келтірді. Жақып Асановтың сөзінше, бірқатар сот тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы ретте, сот шешімдерінің сапасын арттыруға бағытталған шаралар шираған. Сондай-ақ, кездесуде, жаңа судьяларды іріктеу, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен кадрларды ілгерілету ісін объективті жүргізу мәселелері талқыланды. Сөз соңында, Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған міндеттерді қалтқысыз орындау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық дауларды шешу механизмі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу маңызды міндет саналады. Сондай-ақ, сот жүйесін реформалау жұмыстары жалғасуы тиіс.


Хабарламаларға жазылу