Жеке тіс емханасына жүргізілген тексеріс барысында біраз былықтың беті ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеке тіс емханасына жүргізілген тексеріс барысында біраз былықтың беті ашылды

09.01.2020

Елордада тісін емдеткен 2 жасар баланы ес-түссіз халге түсірген емханаға тексеру жүргізілді. Оның қорытындысын Денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Нәтижесінде, анестезиолог дәрігер сертификатының жарамдылық мерзімі асып кеткені анықталды. Мамандар өзге де заңбұзышылықтар барын айтады.

Жеке емханаға жүргізілген тексеріс нәтижесінде, баланы емдеместен бұрын аллергияға қарсы сынама алынбағаны белгілі болды. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер жалпы наркоз беруге 15 минут қалғанда ғана баланы тексерген. Ал жалпы стандартқа сәйкес, дәрігер емделушіні ота жасалатын уақыттан 24 сағат бұрын қарауы тиіс. Сондай-ақ дәрілік заттар сақталған бөлменің тиісті температурасы, ылғалдылығы сақталмаған.

Жалпы, еліміздегі жеке тіс емханаларына тексерісті Денсаулық сақтау министрлігі тек жылына бір рет қана жүргізе алады. Қалған уақытта мұндай шараларға рұқсат жоқ. Әкімдіктен қажетті лицензияны алған соң, орталықтар өз бетінше жұмыс істей береді. Алайда, осы қайғылы жағдайдан соң ғана алдағы уақытта елдегі бүкіл жеке клиникаға бақылау жүргізілмек. Ал аталмыш жеке орталықты жабу бойынша әзірге тек сот органдарына шағым жазылды.

Ал екі аптадан бері ес-түссіз жатқан екі жасар қыздың жағдайы әлі ауыр. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Алайда, дәрігерлер оның сауығып кететініне әзірге қандай да бір болжам жасау қиын екенін айтады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу