Доссор кентінің тұрғындары ауыл іргесіндегі полигонды көшіруді талап етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Доссор кентінің тұрғындары ауыл іргесіндегі полигонды көшіруді талап етуде

09.01.2020

Атырау облысына қарасты Доссор кентінің тұрғындары ауыл іргесінде орналасқан полигонды басқа жерге көшіруді талап етуде. Қарға құзғынның мекеніне айналған аумақ жылдар бойы қоршаусыз жатыр. Жел соқса қоқыс атаулы айналаға ұшып, қоршаған ортаны ластауда.

Қоқыс полигоны төрт түліктің емін-еркін жайылуына тұсау салып тұр. Шамамен ауылдан 500 метр жерде орналасқан. Айналаға шашылған қалдықтың кесірінен өріс тарылды. Малмен күн көріп жүрген Бейсен Қазмағанбетовтен де береке қашты. Өйткені иелігіндегі он шақты сиырды жайылым болмаған соң сойып тынған.

Аудандағы 2 полигонға жылына 7 мың тоннаға жуық қоқыс төгіледі. Тонналаған түрлі қалдық өңдеусіз жатыр. Қауіпсіздігін ойлаған тұрғындар талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ.

Ауданның тазалығы үшін жергілікті бюджеттен 124 миллион теңге бөлінген. Алайда, жұрт қыруар қаржы желге ұшқанын айтады. Ал міндеттелген мекемеден мардымды жауап жоқ.

Жергілікті билік тұрғындардың наразылығын тудырған полигонды басқа жерге көшіруді жоспарлап отыр. Мәселенің қашан шешілері әзірге белгісіз.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу