Алматылық дәрігерлер әуе апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы тың мәліметтерді айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық дәрігерлер әуе апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы тың мәліметтерді айтты

05.01.2020
Алматылық дәрігерлер әуе апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы тың мәліметтерді айтты

Мамандардың айтуынша, Алматы стационарларында 27 пациент жатыр. Олардың жетеуі - бала. Алматы көпбейіндік клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде 1 адам жатыр. Барлық зардап шеккендер мен жансақтау бөлімінде жатқан адамның жағдайы тұрақты, бірқалыпты жақсарып келеді. 

Апаттан зардап шеккен үш жолаушы одан әрі емделу үшін санавиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласының Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілген. 

Жалпы алғанда, дәрігерлер 22 операция жасады. Барлық ота сәтті өтті. 

Оның ішінде екі балаға Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматологтары жоғары технологиялық заманауи емдеу әдісін қолдана отырып, кесусіз, атап айтқанда «Оң сан сүйегінің иілгіш өзекшелерімен остеосинтезі» операциясын жасады. 

Мұндай операциядан соң бірнеше күннен кейін сынған аяқ-қолдың қалпына келу мүмкіндігі жоғары болмақ. 

Айта кетейік, әуе апатының нәтижесінде 69 жолаушы зардап шеккен, оның ішінде 9-ы бала. 

Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан стационарларында және Алматы қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасында 30 адам жатыр. Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу