Нарынқол ауылында жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұмыс орындары көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нарынқол ауылында жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұмыс орындары көбейді

24.12.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында тұрғындардың өтініш-тілектерін тез әрі сапалы орындау үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасын іске асыру керектігін айтқан еді. Осыған байланысты Алматы облысы Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұмыс орындары көбейді.  

Аудан мәртебесін кері қайтарғаннан кейін Нарынқолдың ажары кіріп, базары қайнады. Ескі әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, аудандық әкімдік пен республикалық мекемелер орналасатын ғимарат халықтың игілігі үшін пайдалануға берілді.

Жаңа ғимараттар салынғаннан кейін жұмыс орындары да көптеп ашылып жатыр. Әсіресе, мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін жастарға қолдау көрсетіліп келеді. Қазір 200-ге жуық Нарынқолдық жас туған жеріне қайта оралып, мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасқан. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де шешілген.

Жаңадан ашылған ғимараттардың бірі – «Сервистік әкімдік». Бұл жоба тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді. Мұнда жұртшылық үшін барлық жағдай жасалған. Бұған дейін халық құрылыс-сәулет, әлеуметтік қорғау, білім және коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты құжаттарды алуға көп уақыт жұмсайтын. Енді олар бұның бәрін электронды нұсқада жылдам ала алады.

Алмат ӘБДІРАМАН


Хабарламаларға жазылу