2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі

24.12.2019

Келер жылдан бастап 10 миллионға жуық қазақстандық медициналық сақтандыру қоры аясында тегін медициналық көмекке жүгіне алады. Ал қалған 8 миллионы жалақысының 1 пайызын қорға аудару арқылы емханаларға ақысыз қаралады. Осылайша, медицина саласы жаңа реформаға көшеді. Бүгін осы салаға қатысты барлық құзырлы орган өкілдері дайындықтарын пысықтап, соңғы жаңалықтарымен бөлісті.

Халықтың басым бөлігі жаңа жүйеден бейхабар. Бірінші байлық денсаулық деп білетін халық үшін бұл қызметтің маңызды екені заңды. Сондықтан құлақ түріңіз көрермен. Келер жылдан бастап тұрғындар медициналық қызметтің екі түріне жүгіне алады. Біріншісі кепілдендірілген тегін көмек, екіншісі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Алғашқысы мемлекет есебінен болса, соңғысын қор бюджеті қаржыландырады.

Ерекшелігіне тоқталсақ. Енді медициналық ұйымды, тіпті дәрігер таңдау өз еркіңізде болады. Кешенді ем қабылдау, диагностика, стационарлық көмектің барлығы тегін көрсетіледі. МРТ, КТ, жасанды ұрықтандыру сияқты ең қымбат қызметтер халыққа ақысыз көрсетіледі. Егер қызмет сапасына көңіліңіз толмаса, сақтандыру қоры құқығыңызды қорғайды. Жаңа жүйенің осындай тиімділіктеріне тәжірибелі елдің сарапшылары оң бағасын берді.

Балалы аналар, зейнеткерлер, мүгедектер сияқты 15 санаттағы адамдарға жарнаны Үкімет төлейді. Жеке іспен айналысатындар ең төменгі жалақының 5 пайызы көлемінде төлем жасайды. Ал жұмысшылардың жарнасы арнайы қорға автоматты түрде аударылады.

Егер адам жұмыс істемесе және жұмыссыз ретінде тіркелмесе тегін медициналық қызметке жүгіне алмайды. Бұл жағдайда азаматтар ай сайын өз-өзіне жарна аударуы тиіс. Тағы бір ескеретін жайт, сақтандыру қорының қаражатымен шетелде емделуге мүмкіндік жоқ. Жаңа жүйе жайлы қосымша ақпаратты 1406 нөмірі арқылы анықтауға болады. Басты қағида қарапайым халық үшн медициналық қызметтің қолжетімділігі, қаражаттың үнемділігі болмақ.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу