Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 айда атқарған жұмысы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 айда атқарған жұмысы қорытындыланды

24.12.2019

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 463 іс-шара өтті. Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барып, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысқан. Әр саланың мамандары, қоғам қайраткерлері мен шенеуніктерді қоса алғанда 249 қабылдау өткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы көптеген халықаралық кездесулерде болып, 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлескен екен. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізген Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент лауазымына кіріскен сәттен бергі атқарған жұмыстары қорытындыланды. Нұрсұлтан Назарбаевтан ел басқару тізгінін алғаннан кейінгі еліміздегі маңызды саяси оқиға — президент сайлауы. Биліктің ауысуы, сайлау науқаны Конституцияға сәйкес жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа ант бергеннен кейін ресми түрде ішкі және сыртқы саясатты өз қолына алды. Тоғыз маңызды халықаралық жиынға қатысып, бірнеше елген сапарлады.

Аз уақыт аралығында Президент әлемдік алып елдердің басшылары Дональд Трамп, Цы Цзин Пинь, Владимир Путин, Ангела Меркельмен жеке кездесіп, әлемдік саяси тұлғалармен жүзге жуық халықаралық кездесу өткізген. Жалпы биылғы тоғыз айдың ішінде 112 796 шақырым жол жүрген. Оған кеткен уақыт 181 сағат 36 минут. Ал Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадам екенін көрсетті.

Қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретіндегі алғашқы жолдауын жариялады. Онда еліміздің күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет формуласын түсіндірді. Әлеуметтік салада жастарға жалға пәтер беру, шәкіртақының өсуі, ұстаздар жалақысының артуы мен педагог мәртебесі, атаулы әлеуметтік көмек сияқты маңызды мәселелер бастау алып, қиын жағдайға тап болған отбасылардың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған митингілерге рұқсат беру, саяси партияларды тіркеу мен парламенттегі оппозициялық институт туралы пікірі қоғамда қолдау тауып жатты.

Сириядағы отандастарды қақтығыс алаңынан алып шығу, яғни Жусан операциясы сәтті ісе асырылды. Ирактан да мемлекет 14 баланы елге қайтарды. Ал Арыс қаласындағы жарылыс президенттің алғашқы сынағы болды дейді сарапшылар. Мемлекет басшысы оқиға орнына сол күні ұшып барып жергілікті халықтың жағдайымен танысқан еді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желі де белсенді. Президентке твиттерде 137 мың, ал инстаграмда 953 мың адам тіркелген. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалар мен өзекті мәселелерге қатысты пікірін, қабылданған шешімдерін білдіріп отырады. 100-ге жуық ақпарат құралдарының өкілі қатысқан жиын соңында Берік Уәли Мемлекет басшысының жұмысын және мемлекеттік саясатты жан-жақты насихаттауға белсене ат салысқан бір топ азаматты президенттің алғыс хатымен марапаттады.

Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу