Инфрақұрылымды жаңғырту туралы келісімге қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инфрақұрылымды жаңғырту туралы келісімге қол қойылды

12.12.2019

Қазақстан үкіметі денсаулық сақтау саласын жаңғырту туралы құжатқа қол қойды. Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан үкіметі еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту туралы құжатқа қол қойды. Бұл келісім үкімет басшысының Лондон қаласына жасаған сапары аясында бекіді. Асқар Мамин мен қаржы ұйымының басшысы Сума Чакрабарти екі тараптың осы уақытқа дейін тиімді әріптестік орнатқанын атап өтті. Соңғы 27 жылда бұл банк біздің еліміздегі 260 жобаға 9 млрд. доллардан астам инвестиция құйған. Қаржы институты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үлкен Алматы айналма тас жолының құрылысына да қолдау білдірген. Енді елімізде 2020-2024 жылдарға арналған денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа көпсалалы ауруханалар бой көтереді. Осы ауқымды жұмысқа халықаралық ұйым өз үлесін қосады деп күтіліп отыр.  

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу