Тәуелсіздік күніне орай елордада қандай шаралар өтеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күніне орай елордада қандай шаралар өтеді?

11.12.2019
Тәуелсіздік күніне орай елордада қандай шаралар өтеді?

Тәуелсіздік күніне орай елордада бірқатар шаралар ұйымдастырылады.

Әдеби-сазды кештер

12 желтоқсанда өнерсүйер қауым кешкі 18:00-де «Nomad City Hall» театрында өтетін ҚР Тәуелсіздік күніне арналған поэзия кешіне қатыса алады. Поэзия кеші Алаш арыстары С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровті еске алуға бағытталған. 

13 желтоқсанда сағат 11:00-де С.Сейфуллин музейінде «Тәуелсіздік - аманаты бабамның» тақырыбында поэзия кеші ұйымдастырылады.

Елордалық цирк төрінде 14 желтоқсан сағат 12:00-де, 16 желтоқсан сағат 16:00-де халықаралық цирктік шоу болады.

14 желтоқсан сағат 19:00-де «Астана» концерт залында мерекелік концерт өтеді. 

Ал сенбі күні кешкі сағат 18:30-да «Барыс Арена» мұз айдынында «Денистің достары» мұзды шоуы өз көрермендеріне тамаша қойылым дайындады.

Сонымен қатар, 16 желтоқсан сағат 18:00-де «Барыс Арена» сарайында «Жыл әні» концерті өтеді.

Көрмелер

13 желтоқсан күні сағат 16:00-де Тәуелсіздік сарайында «Тәуелсіздіктің белгісі – Нұр-Сұлтан» көрмесінің салтанатты ашылуы болады. Көрме 13 қаңтарға дейін жалғасады.

Көрермендер 12-17 желтоқсан аралығында «АЛЖИР» музей-мемориалды кешенінен «Желтоқсан қаһармандары» көрмесін тамашалай алады.

14-18 желтоқсан аралығында сағат 10:00-18:00-де С.Сейфуллин музейінде «Тәуелсіздік - бабалар мұраты» фотокөрмесі өтеді.

Қойылымдар

13 желтоқсанда «Жастар» сарайында Б.Жандарбековтың «Томирис – сақ патшайымы» спектаклі көрерменге жол тартады.

Қуыршақ театрының көрермендері 14-15 желтоқсан күндері сағат 12:00, 14:00, 16:00-де «Аладдин» спектаклін көре алады. 

15 желтоқсанда Махаббат лирикасын сүйетін қауымды сағат 19:00-де «Жастар» театрының шығармашылық тобы Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклында асыға күтеді. 

Сонымен қатар 15 желтоқсанда сағат 19:00-де Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Абылай ханның арманы» спектаклі көрерменге жол тартады. 

Жәрмеңкелер

Тәуелсіздік күніне орай 14-17 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтанда мерекелік демалыс күндеріне орай ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өтеді. Жәрмеңкеде Оңтүстік аймақтардан жеміс пен көкөніс, Қарағанды, Ақмола облыстары өндірушілерінің сүт өнімдері, сиыр, жылқы және құс еті, Шығыс Қазақстан облысынан балық өнімдері және Павлодар облысынан картоп арзан бағада сатылады. Қысқы жәрмеңкелер «Ұлжан», «Шапағат» базарлары, Сауран көшесі 7 мекенжайында және «Смолл», «Магнум Cash және Carry» супермаркеттерінде өтеді.

Экскурсиялар, спорттық шаралар

Елорда тұрғындары мен қонақтары 15, 16 желтоқсанда екіқабатты туристік автобуспен экскурсия жасай алады.

Автобустардың қозғалыс кестесі:  

«AiLand» аялдамасынан қозғалу уақыты:

  • Cағ. 10:00 (орыс тілінде); 
  • Сағ. 12.10 (қазақ тілінде);
  • Cағ. 14:30 (орыс тілінде);
  • Cағ. 16:40 (қазақ тілінде);
  • Cағ. 18:50 (орыс тілінде).

«Бәйтерек» монументі аялдамасынан қозғалу уақыты:

  • Cағ. 10:30 (қазақ тілінде);
  • Cағ. 12:40 (орыс тілінде);
  • Cағ. 15:00 (қазақ тілінде);
  • Cағ. 17:10 (орыс тілінде);
  • Cағ. 19:20 (қазақ тілінде).

Ал 16 желтоқсанда «Қазақстан» спорт сарайында жетім және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мұзда жаппай сырғанау шарасы ұйымдастырылады. 

Отшашу

Тәуелсіздік күніне орай елорданың үш ауданында мерекелік отшашу болады. Мерекелік отшашуды Есіл өзенінің жағалауынан (Сарыарқа ауданы, Орталық саябақ), Хан шатыр маңында (Есіл ауданы), сондай-ақ Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында (Алматы және Байқоңыр аудандарының қиылысында) тамашалауға мүмкіндік бар. 16 желтоқсан сағат 21:00-де басталады.

Хабарламаларға жазылу