АҚШ-тың алып компаниялары Қазақстанға инвестиция құяды

10.12.2019
Асқар Маминнің АҚШ-қа жасаған сапары кезінде Америка агробизнесінің ірі өкілдері «Tyson Foods» және «Valmont Industries» компаниялары Қазақстанға инвестиция құю туралы келісімге қол қойды. Алдағы жылдары елімізде ет өңдейтін ірі кешен салынбақ. Аталған өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтып қана қоймай, шет мемлекеттерге де саудалауға жеткілікті болмақ.
«Tyson Foods», «Valmont Industries» секілді алыптар Қазақстанға инвестиция құюға әзір. Үкімет басшысының Америкаға сапары кезінде аталған компания өкілдерімен келісім бекіді. «Tyson Foods» елімізде екі жыл ішінде ет өңдеу кешенін салады. Инвестиция көлемі 1 миллиард 250 миллион доллар. Зауыт 100 мың адамды жұмыспен қамтиды деген болжам бар.
Асқар Мамин Арканзас штатындағы Спрингдейл және Небраска штатындағы Дакота-Сити қалаларына барып, «Tyson Foods» компаниясының өндірісін өз көзімен көрді. «Tyson Foods» қазақстандық «Kusto Group» компаниясымен бірлесе жұмыс істемек. Отандық фермерлер «Экстеншн» американдық ақпараттық-консультациялық қызметін пайдаланбақ.
Премьер-Министр Омаха қаласында Небраска штатының губернаторы Рикеттс және суару жүйелері нарығындағы көшбасшы саналатын «Valmont Industries» компаниясының президенті Каниевскимен кездесті. Нәтижесінде, Қазақстанда 2022 жылы «Valley» ирригациялық суару жүйелерін өндіретін зауыт салатын болып келісілді.
Америкалық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттырып, су шығынын 50 пайызға азайтуға мүмкіндік бермек. Асқар Мамин 2022 жылға қарай елдегі суармалы жерлер көлемін 1,4 миллион га-дан 2 миллион га-ға дейін, ал 2030 жылға қарай - 3 миллион га-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын атап өтті.
Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу