Ақмола еліміздің бас қаласы болып жарияланғанына 22 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола еліміздің бас қаласы болып жарияланғанына 22 жыл толды

10.12.2019
Бүгін ел тарихында ерекше күн. Осыдан 22 жыл бұрын Тұңғыш Президенттің жарлығымен Ақмола еліміздің бас қаласы болып жарияланды. Айтулы өзгерістен соң, Алматыдан Арқаға ұлы көш басталды. Алдымен мемлекеттік органдар қоныс аудара бастады. Кейіннен қалада бұрын-соңды болмаған құрылыс қарқын алып, заманауи әсем, еңселі ғимараттар бірінен кейін бірі бой көтерді. Ал жер көлеміне келсек, 
1998 жылы елорданың аумағы небәрі 25 мың га еді. Ал қазір бұл көрсеткіш шамамен 3,5 есеге артып, шағын шаһар алып мегаполиске айналды. Бүгінде елорданың жер көлемі 80 000 гектардан асады. Ал демографиялық жағдайы тіптен өзгерген. Мәселен, 1998 жылы Астанадағы халық саны 320 мың-ға жуықтаса, бүгінде бұл көрсеткіш 3 есеге артып, қазіргі тұрғындар саны 1 миллион 100-ге жақындады. Салыстырмалы түрде қарасақ, бас қалада қазақтардың саны 6 есеге артты. Бұл — жалпы халықтың 80 пайызы. Бүгін Елбасы осы тарихи датаға орай бас қаланы тұрғызуға үлес қосқан тұлғалармен кездесті.
Осы бір тарихи шешімнен соң Елорда алып құрылыс алаңына айналды. Бұл - Астанадағы алғашқы құрылыстардың бірі. Сол сәтте жұмысшылар қолдарына қалақты ғана емес, төрткүл дүниені таң қалдыратын болашақ шырайлы шаһардың кілтін ұстап жүргенін сезбеген болар. 97-жылы басталған құрылыс қарқыны бір сәтке кемімей, жыл сайын жүздеген зәулім ғимарат бой түзеп келеді. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды, пішіні, сыртқы келбеті мен көлемі де әртүрлі. Әсіресе әлеуметтік салаға ерекше екпін берілді. Өйткені, білім беру саласының ахуалы мүшкілтін, ұлт саулығы «демігіп» тұрған еді.
Елбасының бұл бастамасына алғашында әлем түгілі, ел ішіндегі азаматтар да тосырқай қарап, сенбеген еді. Бірақ, аңыз ақиқатқа айналды. Елорданы – оңтүстіктен орталыққа ауыстырудың астарында үлкен мән жатқаны мәлім. Сол кезде Қазақстанның солтүстігіндегі халықты қазақиландыру қажет еді. Елдіктің келешегі үшін Елбасы батыл һәм тарихи шешім жасады.
Осындай еңселі істердің арқасында ерке Есілдің бойында келбеті көрікті кербез қала бой түзеді. Қиын кезеңде қаланы тұрғызуға атсалысқан тұлғалар сол тарихтан сыр шертетін көрмені бүгін Елбасымен бірге тамашалады.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу