Дрездендегі музейден млрд еуро тұратын гауһар әшекей ұрланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дрездендегі музейден млрд еуро тұратын гауһар әшекей ұрланды

26.11.2019
Дрездендегі музейден млрд еуро тұратын гауһар әшекей ұрланды

Дрезденде белгісіз біреулер әлемге әйгілі «Жасыл күмбез» музей қазынасын тонап кетті. Оқиға 25 қарашада болған. 

Қаскүнемдер XVIII ғасырға жататын үш зергерлік гарнитура тұрған бір сөрені ғана қолды еткен. Басқа ештеңеге тиіспеген. Зергерлік бұйымның біреуі гауһардан жасалған. Келтірілген залалдың құны 1 млрд еуро көлемінде деп бағаланып отыр. 

Қылмыскерлер оқиға орнынан ізін суытқан. Олар ұрлыққа кіріспес бұрын көпір астында орналасқан үңгірдегі трансформаторды әдейі өртеп жіберген екен. Нәтижесінде қаланың ірі музейлері жарықсыз қалған. Кейін қаскөйлер білдіртпей музейдің терезесінен кіріп, зергерлік бұйымдарды тонаған. Олардың бұл әрекеті камераға түсіп қалған.

Дрезден музейінен ұрланған бұйымдардың танымалдығы сонша - оны «қара базарда» сату мүмкін емес екен. Музей өкілдері ұрылар бұл бұйымдарды бөлшектеп сата ма деп қауіптенеді.

Мамандардың айтуынша, бұл әлемдегі ең қымбат ұрлық болуы мүмкін. Бұған дейін 1990 жылы Бостондағы музейден құны 500 млн доллар тұратын картиналар қолды болған еді. Бұл қылмыс әлі де ашылмаған, картиналар сол күйі табылмаған болатын.  

Айта кетейік, «Жасыл күмбез» - Еуропадағы ең қымбат асыл бұйымдар коллекциясы. Соксония курфюрсті Август II-нің кезінен (1724 жылы) бері музей ретінде жабдықталған.

interfax.ru, сурет: nbcnews.com

Хабарламаларға жазылу