«Niet» бағдарламасына қатысқан «КамАЗ» жүргізуші әйел «Qazaqstan» арнасының телехикаясына түсетін болды

22.11.2019

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының күнсайынғы тікелей эфирдегі «Niet» әлеуметтік жобасы бүгін көлік жүргізуші әйелдерге арналды. 

Бағдарламаға қатысқан 53 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Гаухар Шойбекова «Qazaqstan» телеарнасының телехикаяларының біріне түсетін болды. 

Айтуынша, ол 16 жылдан бері нәпақасын «КамАз» тізгіндеп тауып жүр. Алғашқы жылдары базарда асқабақ сатумен айналысса, кейіннен «Газель» көлігі арқылы жүк тасып, жан баққан. «Үлкен көлік жүргізу ұнайды. Тірлігіңді сүйіп істесең, табыс болады», - дейді. Алайда орындалмай қалған арманы барын да жеткізді. 

«Кішкентай кезімнен сахнаға жақын болдым, актриса болуды армандадым, бірақ оқуға түсе алмадым. Қазір сахнада жүруім керек еді», - деген ол тікелей эфирде театрлық қойылымнан шағын үзінді оқып, студия қонақтарының ерекше ықыласына бөленді. Тікелей эфирді тамашалап отырған «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басшылығы Гаухардың арманын орындау жөнінде шешім қабылдап, сол жердің өзінде оған келесі жылы түсірілетін телехикаяларының бірінде рөл беретінін айтып, уәде етті. 

Осылайша, Ұлттық арна әлеуметтік жоба кейіпкерінің арманына қол жеткізуге атсалысуды ұйғарды.


Хабарламаларға жазылу