Бүгін Сенат депутаты Қайрат Қожамжаров тілшілерге Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісіне қатысты тергеудің тоқтатылғанын айтқан еді. Алайда бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі растамай отыр. Ведомствоның баспасөз қызметі тергеудің әлі жалғасып жатқанын айтты.
«Ішкі істер министрлігі ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы О.Кексельге қатысты тергеу амалдарының тоқтатылғандығы туралы ақпаратты растамайды», - деді олар.
Айта кетейік, Олеся Кексель Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы міндетінен мамыр айында босатылған еді. Ол бұл қызметке 2018 жылы келді. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның Тергеу департаменті басшысының орынбасары болды.
Танымал тергеуші экс-премьер Серік Ахметовтің, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің және бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеген.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.