Солтүстік Қазақстан облысында 100-ге жуық ауыл жойылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында 100-ге жуық ауыл жойылуы мүмкін

20.11.2019

Солтүстік Қазақстан облысында 100-ге тарта ауыл жойылып кетуі мүмкін. Бүгінде санаулы тұрғыны бар 97 елді мекен тіркелген. Жұмыссыздықтың салдарынан олар ірі кенттерге, тіпті көршілес мемлекетке көшіп жатыр. Мәселен, биыл облыстан 3287 адам қоныс аударған, ал өңірге келгендердің саны бар-жоғы — 439.  

Тұрғындардың айтуынша, кезінде бұл көпқабатты үйлерде тек «қолы ұзын» адамдар тұрған. Ауыл деген аты болмаса, қаладағыдай өмір сүрген. Орталықтан жылытылады, ыстық суы ішінде. Ал қазіргі сұрқы мынау.

Қазір облыс бойынша түтіні түзу, тұрмысы келіскен ауылдар саусақпен санарлық. Жергілікті шаруашылықтардың арқасында ғана күн көріп отыр. Ал 635 ауылдың біразы құрып барады.

Ауылдағы тірлік шатқаяқтағаннан кейін сыртқа кетіп жатқандар аз емес. Кейінгі жылдары Қазақстаннан Ресейге 30 мыңнан астам адам көшкен. Тарихи отанына қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінен басқа, қазақтар да бар.

Жағдайды жақсарту үшін елде бірнеше бағдарлама қабылданды. Бірақ, нәтиже жоқ. Жыл сайын тоз-тозы шығып, тұрғындары азайған ауылдар көбейіп барады. Соңғы 3 жылда облыста 33 ауыл жойылған.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу