Шымкентте адам ағзасын заңсыз ауыстырған деген күдікпен бас дәрігер қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте адам ағзасын заңсыз ауыстырған деген күдікпен бас дәрігер қамауға алынды

20.11.2019

Адам ағзасын заңсыз саудалап, операция жасауға байланысты тағы бір шу шықты. Шымкентте полиция қызметкерлері № 1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайды ұстап, изоляторға қамады. Полицейлердің сөзінше, оның трансплантация бойынша заңсыз жұмыс істеген халықаралық қылмыстық топқа қатысы бар.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2017-2018 жылдары Қазақстан аумағында адам ағзасын сату және заңсыз операция жасау бойынша қылмыстық топ жұмыс істеген. Донорлар ретінде Қырғызстан, Өзбекстан, Украина елдерінің ақшаға мұқтаж азаматтары бүйректерін сатқан. Ал органдарды ауыстыру бойынша операциялар көбіне шетелдік қалталы азаматтарға жасалған. Полицейлер осы іске Абылай Донбайдың тікелей қатысы бар дейді. Енді дәрігерге «трансұлттық қылмыстық топқа қатысу» және «адам органдарын заңсыз алу» баптары бойынша айып тағылып отыр.

Абылай Донбай бірінші дәрежелі хирург-дәрігер, трансплантолог. Денсаулық сақтау саласындағы жалпы жұмыс өтілі — 10 жыл, оның 6 жылында медициналық мекемелерде басшылық қызметте істеген. Бір кездері елорданың бас трансплантологы да болды. Мәскеу мен Сеулде жұмыс істеп, тәжірибе алмасқан. Ол 2017 жылдан бастап қазір жұмыс істеп жатқан ауруханада хирургия бойынша бас дәрігердің орынбасары болды. Ал биылғы наурыз айынан бері осы мекеменің бас дәрігері қызметінде еді. Бұдан бөлек, Донбай Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Жалпы трансплантацияға байланысты соңғы жарты жылда елімізде екінші дәрігер ұсталып отыр. Маусым айында Украинаның полициясы 20 украиндықтың бүйрек-бауырларын 10-15 мың долларға, қазақстандықтарға оның ішінде дәрігерлерге сатқаны туралы айтқан. Содан кейін көп ұзамай шілде айында белгілі дәрігер Ғани Құттымұратов пен қылмыстық топтың мүшесі қырғыз азаматы Тайсалова ұсталып қамауға алынған. Қазір тергеу амалдары жалғасуда.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу