Мас күйінде көлік айдағандар 8 жылға жүргізушілік құқығынан айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мас күйінде көлік айдағандар 8 жылға жүргізушілік құқығынан айырылуы мүмкін

20.11.2019

Енді мас күйінде көлік тізгіндегендер 8 жылға жүргізушілік құқығынан айырылуы ықтимал. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Бас прокуратура осындай ұсыныс жасады. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың сөзінше, ащы су ұрттап алып, рөлге отырғандар 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Мас күйінде рөлге отырып, қылмыс жасағандар үшін жаза тіпті күшейтілмек. Қолданыстағы заңнама бойынша абайсызда адам өлтірсе де ол мас болсын, сау болсын бірдей жаза қолданылады.

Мал ұрлығы, зорлық, зомбылық, басқа да қылмыс түрлері үшін жазаны қатаңдату туралы өзгерістер мақұлданды. Тек есірткі айналымына қатысты ұсыныстар Бас прокуратура тарапынан кері қайтарылған. Қазіргі заңнама бойынша есірткі тұтынғандар қоғамдық орындарға келсе жауапқа тартылады. Ал нашақорлар үйінде отырып, наша тұтынса қылмыстық түгіл, әкімшілік жаза қарастырылмаған. Бұл қоғамның саулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті Мәжіліс спикері.

Заң жобасын келесі қаралымға дейін қайта талқылап, жаңа ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге алу керектігін ескертті.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу