Қазақстан соңғы ойында жеңіске жете ала ма?

19.11.2019
Қазақстан соңғы ойында жеңіске жете ала ма?

19 қараша күні футболдан Қазақстан құрамасы Шотландияға қонаққа барады. Кездесу сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні сағат 01:35-те басталады. Матчты «QAZSPORT» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Михал Билек шәкірттері 16 қараша күні сырт алаңда Сан-Мариноны ұтып, 10 ұпайға қол жеткізді. Сөйтіп құрама ЕУРО-2008 іріктеу турниріндегі рекордын қайталады. Егер соңғы ойында Шотландияны ұтып немесе тең ойнаса, тарихи рекорд орнатуы мүмкін.

Ұлттық құрама шотландиялықтарды өз алаңында 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Қос командаға да 3-орын мен 3 ұпай ауадай қажет. Стив Кларк сырт алаңда кеткен есені қайтару үшін аянып қалмасы анық. Ал қазақ футболшылары жаңа рекорд орнатып, үштікті түйіндеу үшін тер төгеді.

Кәрі құрлық додасына жолдама алмасақ та, аталмыш турнирді сәтті аяқтауға үлкен мүмкіндік бар.

Хабарламаларға жазылу