Ақмола облысында туризмді дамытудың болашағы зор - Қ.Тоқаев

14.11.2019

2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастықтың форумы жоғары деңгейде өтуі тиіс. Бүгін жұмыс сапарымен Ақмола облысына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты үлкен жиын өткізген Мемлекет басшысы осылай деді. Кеңесте өңірдің өткені екшеліп, болашағына бағдар жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар түйткілдерді тізіп, әкім-қараларға оның шешу жолдарын ұсынды, тапсырма жүктеді.

Қазақ елі талай қиындықты бастан өткерді. Бірақ мойымады. Бірліктен күш алып, толағай табысқа жетті. Елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және мәдени өміріне оң өзгерістер енді. «Мұның барлығы – Елбасының ерен еңбегі. Осы қарқыннан таймау үшін тиімді жұмыс істеу керек»,- деді Президент.

Көкшедегі туризмнің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі небәрі 0,5 пайыздан аспайды. Ал, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу межеленген болатын.

Сондай-ақ Президент астықты аймақ Ақмоладағы ұн бағасының 47 пайызға өсіп кетуі ақылға қонымсыз екендігін айтты.

Өңірде дәрігерлер жетіспейді. Үшаусымдық 11 мектеп бар. Балабақшадағы ұзын-сонар кезек әлі азаймаған. Мұғалімнің жағдайы да мәз емес. Елдің елеулі мәселелеріне екпін қойған Президент тіршілік үшін маңызды, яғни, жарық, су, жол, әлеуметтік инфрақұрылым, экология мәселелеріне де баса назар аударды.

Мемлекеттің міндеті – азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Әр адамның киімі көк, қарыны тоқ болу үшін елдегі халық саны мен өмір сүру жағдайлары туралы нақты ақпарат болуы керек»,- деген Мемлекет басшысы таяуда елде халық санағы болатынын айтты.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу