Еуропадан Қазақстанға пошта арқылы есірткі тасымалдағандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадан Қазақстанға пошта арқылы есірткі тасымалдағандар ұсталды

14.11.2019
Еуропадан Қазақстанға пошта арқылы есірткі тасымалдағандар ұсталды

ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Еуроодақ елдерінен Қазақстанға пошта арқылы синтетикалық есірткі жеткізетін контрабандалық арнаны ұйымдастырған топтың жолын кесті. Бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«6 қарашада пошта бөлімшесінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде 968 психотроптық таблетка алумен Қазақстан Республикасына Германия арқылы Нидерландыдан контрабандалық есірткі жеткізуді ұйымдастыруға қатысы бар Алматы қаласының екі тұрғыны - К және Д есімді азаматтар ұсталды. Ұсталған К-ның үйінен шамамен 1,5 келі «гашиш» есірткі құралы мен 30 грамм мефедрон табылды. Алынған заттар сот-химиялық сараптамаға жолданды», делінген хабарламада. 

Осы дерек бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ҚК 297-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адамдар Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.


Хабарламаларға жазылу