Омбыда өткен жиында Президент шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын әзірлеуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Омбыда өткен жиында Президент шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

10.11.2019

«Экология - Қазақстан-Ресей қатынастарының күн тәртібіндегі негізгі салалардың бірі. Қоршаған орта мәселелері шекара талғамайды. Өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі келесі Форумды 2020 ж. Көкшетауда өткізіп, жиынды экология және жасыл өсім мәселелеріне арнауды ұсындым», деп жазды Президенттің өзі твиттердегі парақшасында.

Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі өңіраралық ынтымақтастық форумына Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қазақ басшысы ретінде алғаш рет қатысты. Президент шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Шекара айналасындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретін.

Қолданыстағы инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейді... Құрылған трансұлттық дәліздерді, оның ішінде «Бір белдеу, бір жол» және «Солтүстік – Оңтүстік» жобаларын ескере отырып, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту керек. Оларды кеңейтіп, қосымша бірнешеуін ашу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Маңызды деп түйген Президент көтерген тағы бір мәселе – өз өндірушілерін шығынға батыратын бәсекеге бармай, Қазақстан мен Ресей бидай экспортындағы іс-қимылы үйлесімді болуы керек, дегені. Қазақстан мен Ресей бидайды ірі көлемде экспорттайтын елдердің ондығына кіреді. Сондықтан бәсекеміз. Бірақ бұл бәсекелестік екі мемлекеттің де өндірушілеріне зиян.

Жалпы, Омбы дегенде тарихтың кермек татыған «парақтары» бар.

1742 жылы Сенат шекаралық өңірдегі бекіністерді қорғау жайында жарлық шығарды. Сөйтіп, қазақ даласын әскери бекіністер шебімен біртіндеп қамту патша үкіметінің отарлауына кең мүмкіндіктер ашты. Әскери бекіністер шебінің бойына орыс халқы қоныстандырылып, орыс-казак станциялары пайда болды.

Мәселен, Ертіс шебі. XVIII ғасырдың 50-інші жылдарында ұзындығы 930 шақырым Ертіс шебін салу аяқталды. Ұзындығы – Омбыдан оңтүстік-шығысқа қарай Ертісті жағалай, Қытаймен шекара- дағы Урыльск селосына дейін жалғасып жатты. Ұзындығы – 1684 верст қашықтықты қамтыды.  

Бірақ тарих дөңгелегін кері айналдырған кім бар? Көрші мемлекетті таңдау құқығы да ешкімге берілмеген. Демек «берілген ойын ережесімен» ойнауға тура келеді.  

Ербол МӘНДІБЕК 


Хабарламаларға жазылу