Семейде 1915 жылы салынған сәулет ескерткіші қиратылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде 1915 жылы салынған сәулет ескерткіші қиратылуы мүмкін

08.11.2019

Семейде 1915 жылы салынған сәулет ескерткіші қиратылуы мүмкін. Қазір оны жергілікті өлкетанушылар сақтап қалу қажеттігін айтып, дабыл қағып отыр. Алайда талай жылдан бері қараусыз қалған ғимарат әбден ескірген. «Егер көне ғимаратты жөндесе, ол қаланың көркін келтіріп, туристердің қызығушылығын арттыратын орынға айналар еді» дейді жұртшылық.

Ержан Жақып, тілші:

Ғасырдан астам тарихы бар көне ғимарат. Мұнда Қазақстандағы ең алғашқы байланыс үйі құрылған. 1989 жылдан бастап бұл тарихи орын мемлекетттің қорғауына алынған. Алайда қорғауға алынған деген аты ғана болмаса, ғимартың қазіргі күйі осындай.

1915 жылы салынған ғимарат Семейдің азаматтық құрлысындағы ең таңдаулы үлгілерінің бірі саналады. Сәулет ескерткіші қазір тек жергілікті әкімшіліктің қарауында дегені болмаса, осындай жағдайға түскен. Ашық- шашық қолданыссыз болғандықтан күн санап тозып барады. Төбесі шіріп ортасына түсіп, есік, едендері тоналған. «Ал өлкетанушылар болса тарихи нысанды қалайда сақтап қалу қажет»,- деп отыр.

Марат Сасанов, «ПриИртышье» өлкетану ұйымының төрағасы:

Қазір ішкі туризм жайлы көп айтамыз. Бірақ бізде көрсететін дүниеміз болуы керек қой. Егер ғимарат бүтін, қабырғасы мықты, әдемі болса, оны сақтап қалу керек. Ұрпақ үшін қажет. Егер ғимаратты жоғалтсақ, оны қайтып қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл қайтып келмейтін құндылық.

Семейде мұндай тарихи орындардың нақты тіркелген саны жоқ. Мамандар мөлшермен 50-ден астам сәулет туындысын тарихи ескерткіш қатарына жатқызуға болады, дейді. Біртіндеп, жойылып бара жатқан мұндай ғимараттарды сақтап қалуға, жергілікті биілік міндетті деп санайды.

Николай Исаев, қоғам белсендісі:

Президенттің өзі жақында қаламызда болғанда, ескі ғимараттарды сақтап қалу қажеттігін айтқан. Ал біз өз әрекетімізбен Президент сөзін ескермей отырғанмен бірдейміз. Мемлекет қорғауында деген, екі бірдей белгі орнатылған. Оны көрген шетелдіктер немесе кез келген адам осыдан кейін біздің мемлекет жайлы не ойлауы мүмкін.

Ал қалалық мәдениет бөлімінің мамандары, бұл ғимарттың апатты жағдайда деп танылғандығын айтады. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, шешім де шығып қойыпты.

Юрий Пазына, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының орынбасары:

 Біз облыстық комиссияға жүгіндік. Облыстық комиссия, ғимарат апаттық жағдайда деп таныды. Біздің қолымызда сараптама қортындысы да бар.

Апатты жағдайда болғанымен, мәдениет бөлімінің мамандарының өздері де «мұндай сәулет туындысы бұзылады дегенге аузымыз бармайды», -деп отыр. Сондықтан алда оның тағдыры не болатындығын дөп басып айта алмады. Ал өлкетанушылар бұл көне ғимаратты әлі де болса, қаржы бөліп жөнге келтіруге болатындығына сенеді. «Егер бұл нысаннан айырылсақ, қаладағы басқа да тарихи ғимараттар да осындай күйге түсуі әбден мүмкін»,- деп отыр.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу