Еліміздегі ең үздік учаскелік инспектор Алматы облысында тұрады

07.11.2019

Еліміздегі ең үздік учаскелік инспектор Алматы облысында тұрады. 36 жасар полиция майоры Қуаныш Ерасылов мыңдаған учаскелік полицейлердің ішінде топ жарып, байқаудың жеңімпазы атанды. Қырағы тәртіп сақшысы жуырда ғана мал ұрлығының ізін суытпай тағы бір қылмыстың бетін ашты.

Осыдан тура бір ай бұрын Ардақ Бақытжанқызының қорасындағы 41 бас тайыншасын белгісіз біреулер айдап әкетеді. Кәсіпкер әйел дереу Қаратал аудандық полиция бөліміне хабарласады. Арыз-шағымын жазып, бар үміті тәртіп сақшыларында екенін жеткізеді. Полиция бөлімінің басшылары істі учаскелік инспектор Қуаныш Ерасыловқа тапсырады.

Қуаныш бірден оқиға орнына барады. Жәбірленушілермен сөйлесіп, шаруашылық маңайын шолып шығады. Көлік өте алмаған жерде жаяу, кейде атпен жүріп көрші шаруашылықтарды да тексере бастайды. Қылмыс орнында табылған айғақ зат күдіктілерді бірден анықтауға көмектесті дейді, учаскелік инспектор.

Қуаныш Ерасылов, учаскелік инспектор:

Айғақ заттар энергетикалық сусындардың қалбыры болды. Содан біз іздестіру кезінде жеке шаруа қожалықтың жанынан тағы сондай энергетикалық сусындар таптық. Сол кісіден күдіктеніп, содан кейін сол қылмысты аштық.

Қылмыстық іс бойынша қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұрланған 41 бастың 32-сі иесіне қайтарылды. Мемлекеттік бағдарламамен несие рәсімдеп, мал алып, жан бағам деген кәсіпкер полицияның жедел әрекетіне дән риза.

Ардақ Бақытжанқызы, шаруа қожалығының жеткешісі:

Көбінде айтады ғой, «олар таппайды, бүйтеді, сүйтеді» деген сияқты. Біраз сөздер айтылады. Пендеміз. Дегенмен полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше зор деп айта аламын.

Қуаныш Ерасылов құқық қорғау органдарында жүргеніне 10 жылға жуықтады. Мінсіз қызметінің арқасында қатардағы полицейден майор шеніне дейін көтерілді. Полиция басшылары Қуанышты Қаратал ауданындағы қылмыс ушығып тұрған ауылдарға арнайы жібереді. Аз ғана уақытта ұрлық-қарлық азайып, бұзақылар тиылып, елді-мекенде тәртіп орнайды.

Үздік учаскелік инспектордың бір қыз екі ұлы бар. Ел тыныштығы үшін от пен су кешкен Қуаныш үшін жұмыстан кейін бала-шағасымен аман-есен қауышу — ең үлкен қуаныш.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу