Павлодар облысындағы қаңыраған үйлер қайта жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы қаңыраған үйлер қайта жөнделеді

07.11.2019

Павлодар облысының кейбір ауылдық елді мекендерінде қаңырап қалған көпқабатты үйлер күрделі жөнделіп, баспанасыз жүрген адамдарға берілетін болды. Бұл жергілікті атқарушы биліктің құзыреті күшейіп, өз басына дербес бюджетінің нәтижесі. Яғни ауыл әкімдері өздеріне берілген қаржыны мақсатты пайдалану үшін тұрғындардың пікірімен санасады. 30 жылдан астам бос тұрған үйлердің келбеті қалай өзгеріп, онда кімдердің қоныстанатыны жайлы тілшіміз Болат Аманбаев айтып береді.

Бұл Қалқаман кенті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан. Баянауыл мен Нұр-Сұлтаннан, Павлодарға келіп кететіндер осы жолмен жүреді. Қаңырап, бос қалған мына үйлер алыстан менмұндалап тұратын. Енді олардың кейпі өзгеріп, ішіне жан толады.

Төлеухан Мұздыбаев, Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Нұрсұлтан-Павлодар жолында тұрған үйлер. Алыстан көрініп тұр. Қаңыраған, құлап жатқан үйлер. Сол ауылдың түрін бұзып тұр. Осында көп адамдарға үй жетіспейді. Кезекте тұрған адамдар көп. Жетімдер жағы бар. Үйсіз жүргендер, көшіп келетіндер бар.

Баспанамен қамту үшін жергілікті әкімшілік қаржы бөліп, күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Бес үйдің үшеуі Ақсу қалалық әкімшілігінің балансына алынды. Қалған екеуінің құжаттары дайындалуда. Облыс орталығының дәл іргесіндегі Ленин кентіндегі мына үйдің қараусыз жатқаны жайлы біздің арна мәселе көтерген болатын. Айналасы 3-4 ай ішінде адам танымастай өзгерген.

Қайырбану Асылбекова, Ленинский кенті әкімшілігінің бас маманы:

Бүгінгі күнде тұрғын үйге барлық коммуникациялар жүргізілген. Жеке от қазандығы салынды. Жаңағы тұрғын үйдің қасбеті бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл үйді мемлекет қайыра сатып алады. Аталмыш тұрғын үй көпбалалы отбасыларға беріледі деп жоспарлануда.

Негізі бұл үйлер осыдан 70 жыл бұрын яғни Ертіс-Қарағанды каналы құрылысына келген инженер мамандар үшін салынған.

Болат Аманбаев, тілші:

Бүгінгі күні «Бақытты отбасы» бағдарламасы ғана бойынша аймақта 158 отбасы баспаналы болған. Одан бөлек жаңа бой көтерген «Сарыарқа», «Достық» шағын аудандарында көпбалалы отбасыларға арналған бірнеше үй салынып жатыр. Жергілікті билік алдағы желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесі қарсанында қоныс тойы көп балады деп мәлімдеді.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу