Алматыда 15 жасар жасөспірім жаттығу үстінде жан тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 15 жасар жасөспірім жаттығу үстінде жан тапсырды

07.11.2019

Алматыда 15 жасар жасөспірім жаттығуға барып, қайтыс болды. Баскетбол үйірмесіне қатысатын оқушының жеңіл тапсырмаларды орындау кезінде кенет жағдайы күрт нашарлаған. Алайда тез арада шақырылған жедел жәрдем көмегі келгенше, жасөспірім тіл тартпай кеткен. Ұзтаздарының айтуынша, оқушы осы уақытқа дейін өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келген.

Айгүл Ботабекова, Алматы қаласы №94 мектеп-гимназиясының директоры:

Бізде 1 сыныптан бастап оқып жүрген бала. Сабағы өте жақсы бала. Тәртібі де, тәрбиесі де. Өте ашық, достары көп, мұғалімдермен де қарым қатынасы өте жақсы. Тек қана жақсы жағынан ғана көрініп жүрген бала.

Қайғылы оқиға Қазақ спорт және туризм академиясының қабырғасында болған. Ал жасөспірімнің бұған дейін баскетболмен қай уақыттан бері айналысқандығы әзірге белгісіз. Өйткені академиядағы үйірмеге тек қазан айының ортасынан бастап жазылған. Ал академия қызметкерлері 10 жылдан астам тәжірибесі бар бапкердің біліктілігіне ешқандай күмән келтірмейді.

Мұхтар Есқалиев, Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры:

Жаттықтырушы әрине біліктілігі өте жоғары маман. Жоғары білімді осы дене-шынықтыру спорты бойынша PhD докторы. Өзі бірнеше жыл кәсіби деңгейде баскетболмен шұғылданған. Бірнеше жарыстарға қатысып жеңімпаз атанған.

Алмат ӘБДІРАМАН


Хабарламаларға жазылу