Атырау қаласындағы 6 мектепте асхана жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау қаласындағы 6 мектепте асхана жоқ

05.11.2019

Асхана бар. Бірақ жабық тұр. Атырау қаласындағы 6 мектептің 2 мың 500-ге жуық оқушысы, ас-суын сынып бөлмелерінде ішуге мәжбүр. Мәселенің күрделенуіне, білім ошақтарына жапсарлас салынған асхана ғимаратының дер кезінде пайдалануға берілмеуі себеп болып отыр. Құрылысқа жауапты мердігер мекеменің үстінен қылмыстық іс қозағалып, шаруа одан сайын шатқаяқтап кетіпті.

Абай мектебінің оқушыларына тиесілі ыстық тамақ, 6 жылдан бері өзге білім ошағынан тасымалданады. Аспаздар күніне 170 келіге жуық тағамды, арнайы ыдыстарға салып көлікпен жеткізеді. Бұл жағдай көрсетілер қызметтің сапасын ақсатып тұр.

Райхан Әбдірахманова, аспаз:

Әрине қиын, балалар мынандай киіммен тамақ ішіп отыр. Мына жерде жағдай жоқ. Бізге бір жақсы асхана болса, балаларға.

Мұнда асхананың қызметін шеберхана атқарып тұр. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін, бюджеттен 22 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті.

Жандос Темірғали, тілші:

Аядай шеберханада бір күнде 648 оқушы ас суын ішеді. Мұндағы санитарлық ахуалды айтпасақ та түсінікті. Ыдыс-аяқтар осындай үстелдің үстінде тұрады. Қол жуатын арнайы орын, мұнда атымен жоқ. Оқушылар күнделікті тамағын дәл осындай орындықта қысылып-қымтырылып, мынандай қалың киіммен отырып ішуге мәжбүр.

Ералы Төлеуов, оқушы:

Бізге үлкен асхана керек. Киіммен отырған ыңғайсыз. Үстімізге төгіп алсақ, лас болып қалады.

Собира Мақсот, оқушы:

Біз осында келіп, осындай күртешемен отырамыз, салқын кезде. Ыссы кезде шешіп, тамағымызды ішіп отырамыз. Бізге күнде жақсы тамақтар береді.

Күрмеулі мәселенің өзегі құрылысы бітпеген асханада жатыр. Мектепке жапсарлас салынған жаңа ғимараттың қаңырап бос тұрғанына 4 жыл. 540 оқушыға арналған. Мердігер мекеме жұмысты жарты жолдан қалдырып кетіпті. Сол себепті нысан, мектеп меншігіне әлі өтпей тұр.

Гүлайым Ақымова, №15 Абай атындағы орта мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы:

Бұл жерде не жылу жүйесі жоқ. Не электр жарығы жоқ. Не суы жоқ. Ешнәрсемен қамтылмаған. Ешқандай жабдық та жоқ. Бір құр ғимарттың өзін алып, орындықтарымызды парталарымызды қойып, балаларға тамақ берсек деген ойдамыз.

Жұмысына селқос қараған мердігер компания заң алдында жауапқа тартылды. Жұмсалған ақша кері қайтарылды. Жауаптылар, асханаға мұқтаж өзге 5 мектептің проблемасы жуық арада шешіледі деп отыр.

Жансұлу Төремұратова, Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Бюджеттен артық қалған қаражат біреуге кетіп қалған ештеңесі жоқ, біздің анықтама бойынша. Енді алға қарай аяқталмаған жұмысты қала әкімдігі өзінің деңгейінде заңдастырып, 2020 жылы іске қосамыз деп отыр.

Оқушылар сабақ уақытында ашқұрсақ қалмауы тиіс. Әр баланың қарны тоқ болуы керек. Ол үшін аймаққа қазынадан 2 миллиард теңгеден астам ақша да бөлінген. Алайда 2 мыңнан астам баланың асты асханада емес, өзге жерде атүсті ішкені ата-ананы қынжылтады.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу