Ақтөбеде 100- ден аса фермер митингке шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 100- ден аса фермер митингке шықты

04.11.2019

«Заңды субсидиямызды берсін!» Ақтөбеде жүзден аса фермер жиналып, билікке талаптарын жолдады. Барлығы дерлік мемлекет тарапынан берілетін субсидияның тоқтап қалғанына наразы. «Егер қолдау болмаса, жүздеген шаруашылық жабылып қалуы мүмкін», - дейді.

Нұртай Ноғаев Мәртөк ауданында он шақты жылдан бері ірі қара өсірумен айналысып келеді. Ол мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар тоқтатылғалы күйінің кеткенін айтады. Өйткені, жарақты техника алу үшін де мал басының көп болуы маңызды. Ал ұсақ шаруашылықтардың кейбірі амалсыздан миллиондаған несие алған. Енді оны қалай қайтарарын білмей дал болып отыр.

Нұртай Ноғаев, жеке қожалық иесі:

Кішкентай шаруашылықтарға субсидия жоқ та, үлкендерге бар. Техникаға бұрын 50 пайыз еді, 25 пайыз қылып тастады. 250 басқа дейін бір техника алуға болады. 250 басты бір техникамен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Шаруалар: «Шығынымыз шаш етектен», - дейді. Көбі төрт түлікке азық табудың өзі мұңға айналғанын айтады. Оның үстіне мал өсіруге сұраған 36 жарым миллиард теңгені Қаржы министрлігінің мақұлдамай қоюы жығылғанға жұдырық болып отыр. Шаруалар «тіпті, ет пен сүтті өзімізге тиімді бағаға сата да алмаймыз» деп ашынады.

Қыдырбай Ксупов, жеке қожалық иесі:

Жалғыз мен емес, барлық кішігірім шаруашылықтар зардап шегіп отыр. Олар несиелерін төлей алмайды. «Сыбаға» бағдарламасымен алған 225 мың, оны ала алмаса, кепілдікке үйлерін салып, солар зардап шегеді. Соның он пайызының өзі банкрот болса, қаншама адам жұмыссыз қалады?

Бүгінгі митингке әкімдік өкілдері де келді. Бірақ фермерлер олардың ешқайсына сөз берген жоқ. Алайда шенділер өдерінің фермерлермен бірге екендіктерін, барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Айтуларынша, бұған дейін сұраныс берген шаруаларға қаржы келесі жылдың басында беріле бастауы тиіс.

Панабек Бимұратов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Бүгінгі күні біз 3,7 миллиард теңге шаруашылықтарға қарызбыз. Ол шаруашылықтар бізге белгілі. Қай ауданнан, не үшін өтінім берілгені, қанша сомаға берілді. Тізім жасақтаулы тұр. Құдай амандығын берсе, Үкіметтен қаржы бөлінген жағдайда төлеуге дайынбыз.

Ақтөбе облысында 7500 шаруа қожалығы бар. Оның 80 пайызға жуығы мал шаруашылығымен айналысады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбелік әріптестерін қолдауға көрші облыстардан да фермерлер келді. Олар бүгінгі жиынның қорытындысында ортақ резолюция қабылдап, үкіметке жібермек. Ал талаптарының орындалу-орындалмасын уақыт көрсетпек.

Ақтөбе фермерлерінің қойған талаптарына қатысты бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов түсініктеме берді. Оның сөзінше, субсидия бөлудің заңдылықтары бар. Қазір фермерлер мәселесін шешудің жан-жақты жолы қарастырылып жатыр.  

Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі: 

Субсидия бойынша қарыз қазіргі таңда 36,8 миллиард теңге. Мал шаруашылығы бойынша бұл. Осы жылы төлей алмаған себебіміз, өтінімдер кеш түсті. Бірақ ол қаражаттың бәрі келесі жылдың бюджетінен жабылады. Инвестициялық субсидия бойынша мәселелер де шешіледі. Бізде басқа бағдарламалар бойынша игерілмей жатқан қаражат бар. Біз соны инвестициялық субсидияға аударамыз.

  Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу