Делиде көлік жүрісіне шектеу қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Делиде көлік жүрісіне шектеу қойылды

04.11.2019

Үндістан астанасы Делиде автомобильдердің жүрісіне шектеу қойылды. Бүгін нөмірі тақ санға аяқталатын машиналар жолға шыға алмайды. Ал ертең жұп санды көліктердің жүруіне тыйым салынбақ. Бұл ерже қарашаның 15-іне дейін әрекет етеді.

Мұндай жүйенің енгізілуіне қою түтін себепші. Оны азайтпаса, миллиондаған адам респираторлық ауруларға шалдығуы мүмкін. 

Соңғы зерттеулерге қарағанда, Делиде атмосфераға тараған зиянды қалдықтар мөлшері тиісті нормадан он есеге асып кеткен. Осыған байланысты, қалада мектептер жабылып, құрылыс жұмыстары тоқтатылып жатыр. Және де талай ұшақтың сапары доғарылған. 

Алып мегаполистың ауасы көрші штаттардағы фермерлер күзгі жиын-терінен кейін егістік алқаптарын жаппай өртегенде тіпті ластанды. Сонымен қатар, жергілікті халық бір апта бұрын өткен «Дивали» фестивалі кезінде фейерверктерді тым көп атқан.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу