Ұлттық арнаның «Алтын қорындағы» материалдар Орталық мемлекеттік мұрағатқа өткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның «Алтын қорындағы» материалдар Орталық мемлекеттік мұрағатқа өткізілді

01.11.2019

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын қорындағы» материалдардың бір бөлігі Орталық мемлекеттік архивке өткізілді. Мамандар ескі ленталардағы аудиожазбалар мен кинопленкаларды цифрлық форматқа көшіреді. Өйткені аталған мекеме осы жұмыспен жүйелі түрде айналысып келеді. Ал Ұлттық арнаның «Алтын қорында» басқа еш жерде кездеспейтін құнды дүниелер әлі де жетерлік.

«Дауыстар музейі» саналатын «Алтын қорда» 88 мыңнан астам аудиожазба мен 2 мыңнан астам кинопленка сақталған. Мұнда 1925 жылы жазылған әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың дауысы, 1917 жылдары түсірілген деректі фильмдер де бар. Оған қоса, қор жыл сайын молайып, толығып келеді.

Ләззат Қоңыратбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматыдағы телерадиоарихив бөлімінің бастығы:

Бұл - «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жасалып отырған іс-шара. Мақсатымыз - болашақ ұрпаққа аманат қылып алып қалу. Соларға жеткізу.

Басқа жерде кездеспейтін ұлы тұлғалардың дауыстары мен тарихи кадрларды Мемлекеттік архив өкілдері мұқият тексеріп, қабылдап алды. Алдағы уақытта тарихи таспалар реттеліп, жан-жақты зерттелмекші.

Гүлмира Мұхтарова, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры:

Сондықтан бұл жұмыс басқа да телеарналарға, телекорпорацияларға үлгі болуы керек. Себебі бұл жерде архивте материалдар біріншіден жүйелендіріледі.

Компьютерге түсірілген фономатериалдар зерттеушілер үшін аса қолайлы әрі қолжетімді болмақ. Олар электрондық портал арқылы керек дүниені каталогтан қарап, таңдайды. 

Айта кетейік, қазір мұрағат қорында 30 мыңнан астам кинопленка мен 17 мыңнан астам фоножазба сақталса, солардың 90 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшірілген.

Аманкелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу