Ирак, Ливан, Алжир елдерінде шерулер болып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ирак, Ливан, Алжир елдерінде шерулер болып жатыр

31.10.2019

Бүгін Бағдадта үкіметке қарсы шерулер қайта жалғасты. Өткен тәулікте Иракта наразылық акциялары қақтығысқа ұласып, тағы 2 адам мерт болды. Жараланғандар саны 175-ке жетіп отыр. Осы оқиғадан кейін демонстрациялар тіпті өршіді. Жергілікті тұрғындар елдегі экономикалық жағдайдың тым нашарлауына билік кінәлі деп есептейді. Сондықтан көшелерге шыққан халық премьер-министр Әдел Әбдул Махдиден отставкаға кетуді талап етіп жатыр.  

Ливанда да осыған ұқсас ахуал. Мұнда екі апта бұрын басталған демонстрациялар нәтижесінде премьер-министр Саад Харири үкіметті таратып, өзі қызметтен кетті. Коррупцияға, жұмыссыздыққа ашынған халық саяси элитаны түгел өзгерткенше, қарсылықты тоқтатпайтынын ескертіп отыр.

Алжирліктер де шерулетіп жатыр. Бұл солтүстікафрикалық елде желтоқсанның 12-де президенттік сайлау өтеді. Бірақ, алаңдар мен көшелерге шыққан ондаған мың адам сол сайлаудан кейін бұрынғы элита басшылыққа қайта келеді деп қауіптеніп отыр.

Арыстан РЫСБЕК 


Хабарламаларға жазылу