«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы алдағы 4 жылда өндіріс қалдықтарын 30 пайызға қысқартуы тиіс

31.10.2019

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы алдағы 4 жылдың ішінде қоршаған ортаға шығаратын өндірістік қалдық көлемін 30 пайызға дейін қысқартуы тиіс. Әйтпегенде, қоршаған ортаға эмиссия үшін экологиялық рұқсат берілмейді. Ондай жағдайда зауыт жұмысын жалғастыра алмайды. Бүгін экология минситрлігі мен металлургиялық комбинат басшылығының арасында осындай меморандумға қол қойылды. Жиында өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға шығаратын қалдықтарын азайту, экологиялық жағынан тиімді заманауи технологияларды қолданысқа енгізу мәселесі де талқыланды. Қарағанды облысы бойынша биылғы жарты жылдың өзінде зауыт пен фабрикалардан табиғатқа келетін залал 300 мың тоннаға жеткен. Әсіресе Теміртау қаласының ахуалы экологтарды қатты алаңдатады. Мұндағы өндірістік қалдықтың 80 пайызы металлургиялық комбинаттан шығады. Соңғы үш жылда компанияға 4 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология, және табиғи ресурстар министрі:

Отыз пайыз бұл жоғары цифр көрінгенімен де, біздің пікірімізше, оның әлеуеті одан да зор. Атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасадық. Оған да келісілді. Мекеме жылда эмиссия үшін келісім алуы тиіс бағдарламаға енгізілетін болады. Сол бойынша біз бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстайтын боламыз.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу