Үржар ауданындағы Шолпан ауылы мердігердің кесірінен ауыз сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үржар ауданындағы Шолпан ауылы мердігердің кесірінен ауыз сусыз қалды

31.10.2019

Жалпы соңғы жылдары қаптап кеткен мердігер компаниялардың кесірінен түрлі мемелекеттік бағдарламалар аяқсыз қалып жатыр. Әсіресе жол салу, ауыз су тарту мен құрлыс саласында көлденең көк аттылар тендерді жеңіп алады. Сөйтеді де, жұмысты аяқсыз қалдырып тайып тұрады. Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданы Шолпан ауылы да ауыз суға осындай заңсыздықтың кесірінен қол жеткізе алмай отыр. Су тартамыз деп жұмыс бастаған мердігер істі соңына жеткізе алмаған.

Шолпан ауылында 1400-ден астам халық тұрады. Ауыл құрылғалы таза ауыз судан татып ішіп көрмеген. Өткен жылы «Аймақтарды дамыту бағдарламасы» аясында елді мекенді сумен қамту үшін 600 миллион теңге қаржы бөлініпті. Алайда жұмыс аяқсыз қалғанда тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылған.

Мырзағали Бекжанов, Шолпан ауылының тұрғын:

Әлі ештеңе қазылған да жоқ. Құр анау цементтерін ғана әкеліп қойды. Одан басқа ештеңе көрген жоқпыз.

Разилия Сырлыбаева, Шолпан ауылының тұрғын:

Биылғы жылы осы аудан әкімі, ауыл әкімі бәрі осы құдықты жасаймыз деген. Оған бәр нәрселерін әкеліп қойды. Тастап кетті, міне, осылай. Көктемде әкелген. Сол күйі жатыр.

Қазір тұрғындар өздері қазып алған құдықтардан су ішіп отыр. Алайда ол санитарлық талапқа сай келмейді. Зейнеткер Айтберген Майланов: «Қолдан қазылған құдықтардан құрт шығатындығын айтады. Еріксіз қайнатып ішуге мәжбүрміз»,- дейді.

Айтберген Майланов, Шолпан ауылының тұрғыны:

Осы судан алдыңғы жылы сары аурудан бір бала қайтыс болды. Сары аурудан екі-үш адам орнынан түсіп кетті. Ирелеңдеген құрт шығып жатыр. Ал енді оны қалай ішеміз? Далада қалған адамдар сияқтымыз. Не жоғарғы орын ештеңе істей алмайды. Шамасы келмейді ма? Жоқ әлде... Айғайлаймыз да тұрамыз, айғайлаймыз да тұрамыз!

Ал аудан әкімшілігі ауылдықтардың айғайының басылатын күні алыс емес, келесі жылы тартылып бітеді деп уәде берді. Анықталғандай, жұмысты биыл бастаған мердігер компанияның тендер кезінде өткізген құжаттарынан шикілік шыққан. Жалған құжат ұсынып, қаржы алып алған соң жұмысты бастап кеткен. Алайда сот оларың жұмысын орта жолдан тоқтатқан.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

Мердігердің мемлекеттік сатып алу құжаттарын дұрыс бермегендігіне байланысты. «Мердігер жалған құжат ұсынып, әрі қарай осыны білгеннен кейін, арнайы комиссия құрылып аудит тексеріс»,- дейді. Содан кйеін біз ол кісілерді сотқа бердік. Сот шешімімен осы келісім-шартты бұзып тастадық.

Заңсыз әрекет еткен мердігерге қомақты айыппұл салынған. Енді басталған істі әрі қарай жалғастыру үшін, тағы тендер ойнатылып басқа компания жұмысты соңына дейін жеткізуі тиіс. Оған да уақыт кетеді. Сондықтан ауылдықтар ауыз суды тағы бір жыл тосуға тура келетін сыңайлы.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу