Премьер-Министр ресми сапары аясында Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр ресми сапары аясында Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумына қатысты

31.10.2019

Үкімет басшысы Асқар Мамин Гаага қаласына ресми сапары аясында Қазақстан‒Нидерланды бизнес-форумына қатысты.Нидерланды Премьер-Министрі Марк Рюттемен екі елдің экономикалық байланыстарын одан әрі дамыту үшін бірқатар келіссөздер жүргізді. Алдағы уақытта Қазақстан мен Нидерланды арасында энергетика, қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларында байланыс артады.   

Нидерланды — Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Тәуелсіздік жылдарында Нидерланды біздің елімізге 92 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Қазақстанда Нидерланды капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары екіжақты тауар айналымы 6,5 миллиард долларға жетті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

 Қазақстан Үкіметі бүгінгі шараны біздің елдеріміздің арасындағы инвестициялық сауда кооперациясын одан әрі арттыру үшін керемет мүмкіндік ретінде бағалайды. Ол екі тараптың бизнесіне біздің елдеріміздің арасындағы серіктестік үшін пайда болатын мүмкіндіктерде нақты бағыт-бағдар береді.

Уаэл Сауан, Royal Dutch Shell компаниясының атқарушы вице-президенті:

Біздің мықты базамыз бар, біз соған сүйене аламыз деп ойлаймын. Біз қазірдің өзінде өсу мүмкіндіктерін көріп отырмыз, осы бағытта біз Қарашығанақ және Қашаған тәрізді жобаларда жұмыс істеудеміз және алдағы жылдары ілгерілеу үшін жаңа мүмкіндіктерді іздеуді жалғастыра береміз.

Форумға 200-ге жуық қазақстандық және нидерландтық бизнес өкілдері қатысты. Олар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылап, өз мүмкіндіктерімен таныстырды.

Валерий Вавилов, Bitfury компаниясының бас директоры:

Біз Қазақстанға инвестиция салуға дайынбыз. Ақпараттық технология, жасанды интеллект, білім беру салалары бойынша жобаларды жүзеге асыруға болады. Қазақстанда Орталық Азия елдері үшін хаб құрамыз деген жоспарымыз бар.

Форум нәтижесінде екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен маңызды 5 құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, Үкімет басшысы халықаралық жылыжай бағбаншылығына арналған білім және инновациялар орталығына барып, хайперлуп (Hyperloop) жаңа көлік жүйесін әзірлеумен айналысатын «Hardt Hyperloop» компаниясының қызметімен танысты. Бұл көлік жүйесі жеңілдетілген болат құбырлар бойымен капсула түріндегі шағын қайықтарда сағатына 1 мың шақырым жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді.

 Ақерке БЕРІКБЕК


Хабарламаларға жазылу