Оралда биыл 130 суицид дерегі тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда биыл 130 суицид дерегі тіркелді

30.10.2019

Оралда биыл 130 суицид дерегі тіркелді. Олардың үшеуінде полицейлер өз өмірін қимақ болған жандарды аман алып қалды. Оқыс оқиғалардың бірі күні кеше болса, қыркүйекте де тап сондай жағдай тіркелді. Тәртіп сақшысы көпірден секірмек болған аяғы ауыр қызды құтқарып қалды. Тағы бір полицей өртенген үйден үш адамды аман-есен шығарып алды.

Оқиға жарты ай уақыт бұрын, түс кезінде болды. Жұмыстан үйіне бара жатқан Самат Балданов көпірден секіргелі тұрған біреуді көреді. Айнадан бұрылып қарағанша, қыздың жоқ екенін байқайды. Бірден көлігін тоқтатып, көпірге қарай жүгіреді. Қыз өткелдің ар жағына шығып, темір құбырда аяғын салбыратып отыр екен. Самат оны сөзге тартып, қолынан ұстай бергенде, қыз секіріп үлгереді. Абырой болғанда, қарулы қол қайғылы жағдайға жол бермейді.

Самат Балданов, Қалалық полиция басқармасы айдауылдау взводының бөлімше командирі:

Ар жағынан осылай көтеріп алып шықтым. Телефоным көлікте қалып қойды да, өтіп бара жатқан кісілерді көмекке шақырдым. Сөйтіп жатқанда қыз бала талып қалды, эпилепсиямен ауырады екен. Ағаш тауып алып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Сосын бәрі келді, қыз баланы жедел жәрдем алып кетті.

«Қазір 31 жастағы қыздың жағдайы жақсы»,- дейді мамандар. Әлі босанбаған. Дәрігер күтімінде. Ал сын сағатта батыл шешім қабылдаған Самат айдауылдау взводында қызмет етеді. Асылхан да көп ойланбады. Қысылтаяңда қызыл жалынның арасына қойып кетті. Сөйтіп үш адамның өмірін ажалдан арашалап қалды. Оқиға таңда, жұрт шырт ұйқыда жатқанда саяжайда болған.

Асылхан Темірханов, Қалалық полиция басқармасы кезекші бөлімінің кезекші көмекшісі:

Мен көрген кезде үй енді жана бастаған, түтін шығып жатты. Барып, есігін ашсам, алапат өрт, кіру мүмкін емес. Сосын терезеден қарадым. Қарасам, іште адамдар жүр. Терезені сындырып, іштен, бірінші, 10-15 жастағы кішкентай қыз баланы алып шықтым. Сосын әйел адамды, сосын ер азаматты шығарып алдым.

Асылхан «102»-ден жәрдем сұраған жандарға сақшыларды жіберіп отырады. Екеуі де тек қызметте емес, қай кезде де көмекке дайын екендіктерін көрсетті.

Наурызбай Ғұмаров, Қалалық полиция басқармасы бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары:

Полиция старшинасы Самат Балданов — өте салмақты, өз білгенін жастарға үйретіп жүрген тәлімгер. Сол себепті оны осыдан бірнеше жыл бұрын бөлімше командирі етіп көтергенбіз. Ал Асылхан — жас та болса, өзін көрсетіп, тырысып, жақсы қызмет атқарып келе жатқан қызметкер. Олардың екеуінен де болашақта үлкен маман шығады деп ойлаймын.

Олар күнделікті қызметте түрлі жағдайға тап болады. Алдарында не күтіп тұрғанын білмейді. Сын сағатта сыр бермеген сақшылар әркез қоғамдық тыныштық күзетінде.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу