Сазды су қоймасы жойылудың алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сазды су қоймасы жойылудың алдында тұр

30.10.2019

Шалқар көлдің орнында шалшық қалды. Ақтөбенің іргесіндегі Сазды су қоймасы жойылудың алдында тұр. Қазір мұндағы судың шамамен оннан бірі ғана қалған. Сол маңда орналасқан саяжай тұрғындары биыл ойдағыдай өнім ала алмады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір аумағы ат шаптырым болатын суқоймадан қалғаны менің артымдағы шалшық қана. Кезінде су қазір мен тұрған жерге дейін келіп, ернеуінен тасып жататын. Егер алдағы қыста қар қалың түспесе, жағдай тіпті қиындауы мүмкін.

Кезінде жағасы демалушылардан арылмаған, айдынында балығы тулаған көлдің қазіргі күйі аянышты. Жиегінде қармақ салған бірнеше балықшыдан басқа ешкім жоқ. Николай Дружинин осы жерде 25 жылдан бері тұрады. Ол: «Судың бұлайша тартылғанын бірінші рет көрдім»,- дейді.

Николай Дружинин, қала тұрғыны:

Анда су болған. Қазір су жоқ. Білмеймін, не боларын... Канал керек осы жерге. Кісі көп болады. Маған 70 жыл, мұнда туған жерім менің...

Көлдің суалғаны бақша егіп күнелтіп отырған мыңдаған тұрғынға да жайсыз тиді. Саяжайдағылар ала жаздай суды сырттан тасып амалдады. Людмила Добровольская, қала тұрғыны:

Жазда су болмады. Суды үйден тасыдық, одан бөлек көлік жалдап, сатып алдық. Көп күш жұмсадық. Суды кейін берді. Алдағы жылдары жақсы болады деп үміттеніп отырмыз.

«Су қоймасын қайта қалпына келтіру — өте қиын жұмыс»,- дейді экологтар. Қыста қар аз болғандықтан жағдай тіптен ушықан. Қала маңындағы үш су қойманың сыйымдылығы 560 миллион текше метр болса, биыл жиналғаны 36 миллион ғана.

Әділжан Әлізақ, «Қазсушар» РМК филиалының директоры:

Саздының проблемасы болмауы үшін біз Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзеніне су ағызып жатырмыз. Жоба бойынша ол ендігі жылы маусым айында бітуі керек. Құрғақшылық жыл болды да, осындай болып қалды биыл.

Алайда бұл жұмыс Сазды суқоймасының мәселесін толық шеше алмайды. Тек одан алынатын су көлемін ғана алмастырады. Егер алдағы қыста жауын-шашын молынан түспесе, жеті жарым миллион текше метрге шақталған су қойманың түгел құрғап қалуы әбден мүмкін.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу