Учаскелік инспекторлар өмірлерін қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйдегі адамдарды құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Учаскелік инспекторлар өмірлерін қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйдегі адамдарды құтқарды

28.10.2019

Қарағанды қаласының Сұрыптау станциясындағы темір жол полиция бөлімінде үлгілі қызметкерлер жұмыс істейді. Учаскелік инспектор Асыл Жұманов пен әріптесі Сержан Таңатов қызмет барысында өз өмірлерін қатерге тігіп, жалын құшқан үйдегі жандарды ажалдан арашалап қалды. Қызметтік міндетіне адал, ерлікке пара-пар іс жасаған азаматтарды әріптестері де мақтан тұтады.  

Сол күні түнгі кезекшілікке түскен Асыл мен Сержан тұрғын үйлер аумағынан қою түтінді байқайды. Дереу жалын құшағында қалған үйге жетеді. Биік қоршаудан секіріп түсіп, іштегі жандарды құтқаруға кіріскен.

Асыл Жұманов, Темір жол полициясының инспекторы, аға лейтенант:

Темір торларды қалай жұлып алғанымыз есімізде жоқ. Сосын қолымызға түскен темірмен терезесін сындырып ішіне кіріп үй иесін жолдасымен алып шықтық.

Үй иесі іште тағы екі адам барын айтқан соң, полиция қызметкерлері көрші бөлменің терезесін сындырып кіреді. Жалындаған от пен пен улы түтінге қарамастан олар жасы 90-ға жақындаған әжейді сыртқа алып шығады.

Сержан Таңатов, Темір жол полициясының көлік жүргізушісі:

Өз өмірімізді, жеке басымыздың қауіпсіздігін ойлайтындай уақыт болған жоқ. Ең бастысы қабылдаған антымызға сай болу еді. Ең бастысы осы адамдардың өмірін сақтап қалуды ойладық.

2017 жылдың желтоқсан айында болған жантүршігерлік оқиға Александр Майоровтың әлі күнге есінде. Өрт кезінде әйелінің құрбысын құтқару мүмкін болмады. Ал әжей тәртіп сақшылары құтқарғаннан соң 3 сағаттан кейін жүрегі шыдамай өмірден озған. Аман қалып, біздің осы күні жер басып жүргеніміз қырағы полицейлердің арқасы,-дейді ол.

Александр Майоров, қала тұрғыны:

Жігіттердің шұғыл қимылына ризамын. Олар болмаса тірі қалуымыз екіталай еді. Осындай азаматтарды тәрбиелеп өсірген ата-аналарына алғысымды айтқым келеді. Полиция қызметкерлері Асыл мен Сержан өздеріне жүктелген міндетке адал жандар екенін ісімен дәлелдеді.

Кейін Александр жігіттерге алғысын білдіру үшін темір жол полиция бөліміне барыпты. Қас қағым сәтте өз өмірлерін қатерге тігіп, адам жанын арашалап қалған тәртіп сақшыларына Ішкі істер министрі «Ерлігі үшін» медалін табыстаған болатын.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу