Бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің тізімі жасалған. 19 дана. Бұлардың бағасын білдей министрліктер мен жергілікті жерде жалғанды жалпағынан басып жүретін әкімдіктер қымбаттатпай ұстауы керек. Егер қандай да бір кәсіпкер пайда үшін бағаны айға апарса жазалануы шарт. Бірақ, аталған әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің бағасы 9 пайызға қымбаттап кеткен. Бақыла дегенді бақылай алмаған шенеуніктерге бұдан кейін талап қоюға өзімізде ұялатын болдық. Ал олар қарапайым халық күнде тұтынатын тамақтың бағасын аспандатып тастағаны үшін ұяла ма? Ол жағы белгісіз, әзірге шенеуніктер ақталып жүр. Соларға тағы бір көрсетіп қояйық. Пияз 79 процентке, сәбіз 59 процентке, картоп 33 процентке, күріш 24 процентке, жоғары сұрыпты ұн 15,3 процентке қымбаттаған.
Азық-түліктің базардағы бағасы ырыққа көнбей ыршып тұр. Нұр-Сұлтан қаласында баға бірден 15,1 пайызға, Жезқазғанда 11,8 пайызға, ал Талдықорған қаласында 10,4 пайызға қымбаттаған. Қымбатшылықтың арты қоғамдағы қысымның артуына әкеледі. Бұл салдары, мұны бәріміз білуіміз керек.
Назым ҚАЙРАТ