«Тоқта, туберкулез!» атты акция басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тоқта, туберкулез!» атты акция басталды

25.10.2019

Елордада туберкулез ауруының деңгейі жылдан жылға төмендеп келеді. Мамандар мұны алдын алу шараларының сәтті жүзеге асуымен байланыстырып отыр. Мәселен, соңғы бір айдың көлемінде «Тоқта туберкулез!» ұранымен арнайы акция ұйымдастырылып, мыңдаған адамға пайдалы ақпарат берілген.

 «Тоқта, Туберкулез!» акциясы аясында 15 мыңға жуық адам тексеруден өткен. Жылжымалы қондырғы мен білікті мамандар қаланың тысқары аудандарында, базарларда тұрғын үй алаптарында, оқу орындарында үздіксіз жұмыс істеген. Фтизиологтардың айтуынша, осындай пайдалы профилактикалық шаралардың нәтижесінде ауруға шалдығушылар саны жыл санап азайып келеді. «Мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдаудың әсері мол»,- деді.

Анна Цепке, Фтизиопульмоногиялық орталықтың бас дәрігері:

Әрбір түберкулезге қарсы қызмет кешенді тариф бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Әрбір өңірдің өзіндік тарифі бар, ол енді науқастың санына байланысты. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биыл 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Осыған қосымша республикадан дәрі-дәрмектерге қаражат бөлінеді, яғни мемлекет науқастарға толық жағдай жасап отыр.

Мамандардың айтуынша, Нұр-Сұлтан ғана емес, жалпы республика бойынша туберкулез деңгейі төмендеп келеді. Мәселен, бес жыл бұрын 12 мыңға жуық науқас тіркелсе, қазіргі көрсеткіш 7 мыңға дейін азайған. Осы ауру түрінен болатын өлім-жітім де екі есеге төмендепті.

Әлия Рүстемова, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл бағыттағы жұмысты демалыс күндері жалғастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, адам көп шоғырланатын базар маңайларына және халық тығыз орналасқан тұрғын үй аулаларына жылжымалы флюрографиялық қондырғылар қояды, азаматтар сонда келіп, мамандардан кеңес алып, тексеруден өте алады.

 «Тәні саудың, жаны сау». Аурудың алдын алушы мамандар тұрғындарға салауатты өмір салтына мән беруге кеңес берді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу