Медициналық сақтандыруды енгізу арқылы дәрігерлердің жалақысы мен статусы көтеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық сақтандыруды енгізу арқылы дәрігерлердің жалақысы мен статусы көтеріледі

25.10.2019

Дәрігерлерді ұрып-соғу азаймай тұр. Мысалы, бір ғана Алматыда дәрігерлерді жылына кем дегенде, 10 рет науқастар мен олардың туыстары соққыға жығып, түрлі агрессивті әрекет жасайды екен. Ақ халаттылар көбінде жөнсіз айыпталып, оларға жала жабылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері айтты. Себебі дәрігерлер халықтың наразылығы мен күш көрсетуінен қорғалмаған. Сондықтан да олардың мамандыққа сенімсіздігі артып келеді. Жұмыстан кеткісі келеді. Министрлікке жиі шағымданады. Мамандардың құқықтарын қорғау үшін мәжілісте жаңа кодекс қарастырылып жатыр.

Перизат Жүнісова қаладағы нөмірі 8 емхананың дәрігері. Осы мекемеде еңбек етіп жүргеніне 2 жыл болған. Осы уақыт ішінде түрлі науқастармен кездескен ол, адамдардың эмоциясы мен өзін-өзі ұстауы әртүрлі болатынын айтады. Бірі дәрігерге мейірімділігі үшін алғысын жаудырып жатса, енді бірі орынсыз айыптап, түрлі шағым жазады. Тіпті қол көтеруге дейін барады.

Перизат Жүнісова, № 8 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері:

Әр адамда өзінің денсаулығына деген жауапкершілік болу керек. Ауруын асқындырмай, уақытылы профилактикалық-диагностикалық шаралардың барлығын мезгілді орындап отыратын болса, скрининг өтіп отыратын болса, ешқандай аурудың асқынуы болмайды деп ойлаймын. Халық арасында да дәрігерге деген қате түсініктер қалыптаспайтын болады. Олар да өзінің денсаулығына деген жауапкершілігі жоғары болса, біздің де жұмысымыз жеңіл болады деп ойлаймын.

Қазақстанда медициналық қызметкерлердің рөлі нақты айқындалмаған. Содан болар, ауруынан айыға алмағандар дәрігерлерді қалауынша жазғырып, өз беттерінше жазалайды. Тіпті дәрігерлерді бас бостандығынан айыруға дейін барады. Осы ретте, Денсаулық сақтау министрлігі кодекске өзгеріс енгізіп, мұны дәрігер қатесі емес, келеңсіз жағдай деп қарастырмақ.

Айнұр Айыпханова, ҚР ДСМ Стратегия және халықаралық қатынастар департаменті директорының міндетін атқарушы:

Дәрігер деген адам — қоғамның ең бір қиын мамандығын таңдаған адам. Соған қол жұмсаған адамға тек қана 25 мың теңге штраф айыппұл салынады. Ол 25 мың өте төмен, оны төлесе де адам қайта жасауы мүмкін. Сондықтан айыппұлдың көлемін 10 есеге арттырады деген ұсыныс берілді. 9 айдай талқыланады, 2020 жылдың жазында шығады.

Медқызметкерлердің мәртебесін көтеру мақсатында жалақы да жоғарылайды. Келер жылдың қаңтарынан дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, медбикелердікі 20 пайызға өседі.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу