Жол полициясының қызметкерлері отқа оранған үйге кіріп, адамды аман алып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол полициясының қызметкерлері отқа оранған үйге кіріп, адамды аман алып қалды

24.10.2019

Қызметтік көлікпен кезекшілікте жүрген жол полициясы қызметкерлері отқа оранған үйге ойланбастан кіріп, адамдарды аман алып қалған.

Жол патрульдік полициясының аға сержанттары Нұрболат Тілеубергенов пен Руслан Мұқанов сол күні әдеттегідей кезекшілікке шықан. Белгіленген бағыт бойынша Тобыл кентіндегі көшелердің бірімен келе жатып жанып жатқан үйді байқайды.

Руслан Мұқанов, Полиция қызметкері:

Терезені сындырып, ішке кірдік. Іштен ес-түссіз жатқан ер адамды тауып алдық. Оны екеулеп көтеріп сыртқа алып шықтық.

Ер адамды алып шыққасын 10 минуттан соң үйдің төбесі құлаған. Ажалдан аман қалған Иван Тихоходтың інісі. Ол ешқандай зардап шекпепті. Отбасылары жоқ ағайынды кісілер осы үйде бірге тұрған.

Иван Тихоход, Тобыл кентінің тұрғыны:

Мен өз өмірлерін қатерге тігіп, інімді құтқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне шексіз ризамын. Сол күні мен үйде болған жоқпын. Бұл кісілер келмегенде інімнің аман қалуы екіталай еді.

Елдің тыныштығын күзету, халықтың сенімінен шығу – зор қажыр-қайрат пен төзімділікті қажет етеді. Сондықтан құқық қорғаушылар арасында уақытпен санасып жұмыс істеу деген түсінік жоқ.

Нұрболат Тілеубергенов, Полиция Қызметкері:

Түн ортасында қоңырау шалады кейде. Дабылмен көтереді. Сонда жылдам тұрып, киініп жетесің. Ұйқым қанбады, шаршап тұрмын деген жоқ бізде.

Өзгелердің қауіпсіздігі үшін өз басын қатерге тігуді полиция қызметкерлері ерлік деп санамайды. Күнделікті міндетіміз деп қабылдайды. Себебі әрбір азаматты өздері тәрізді үйінде күтіп отырған жақын жандары бар екенін жақсы түсінеді.  

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу