«Qazaqstan» арнасының аудиториясы алты айда 92,8 пайыз өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» арнасының аудиториясы алты айда 92,8 пайыз өсті

24.10.2019

Қазір қазақ тіліндегі сапалы медиаконтентке сұраныс көбейді. Мәселен, 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Qazaqstan» арнасының аудиториясы кейінгі алты айда 92,8 пайыз өскен. Бұл туралы Алматыда өткен Орталық Азия жарнама қауымдастығының өкілдері қатысқан форумда айтылды. Олар алқалы жиында ақпарат құралдарының жарнама нарығындағы рөлдерін талқылады.

Қазір ақпарат құралдары үшін негізгі міндеттердің бірі - жарнама берушілерді тарту. Өйткені нарықтық заманда әр медиа өзін-өзі қамтамасыз ете білуі тиіс. Ол үшін сапалы контент қажет. Халықаралық форумға жиналған әлемдік медианың көшбасшылары осыны айтты. Бірақ, сарапшылардың сөзінше, интернет пайда болғалы жеңіл-желпі дүниелерге үйреніп қалған аудиторияға сапалы дүниелерді өткізу қиын соғып тұр.

Дмитрий Маров, Орталық Азия жарнама қауымдастығы кеңесінің төрағасы:

Ұрпақ ауысқан сайын сұраныс та өзгеріп жатыр. Ал жарнама нарығы үшін аудиторияның көп болғандығы маңызды. Бірақ біз табыстан бұрын талғамды ұмытпауымыз керек. Біздің бір байқағанымыз, қазір қазақ тілді медиаресуртарға сұраныс артты. Бұл мемлекеттік тілде хабар тарататын ақпарат құралдарына тиімді.

Мамандардың айтуынша, қазақ тіліндегі телеөнімдердің тұтынушылары жыл сайын 15-20 пайыз өседі. Солардың ішінде «Qazaqstan» телеарнасының өнімдеріне қызығушылар көп. Мәселен, кейінгі алты айда Ұлттық арнаның аудиториясы - 92,8 пайыз, ал «Balapan» арнасының көрермендері - 58 пайыз артқан. Әсіресе, қазақ тілді анимациялық телехикаялар мен танымдық бағдарламалар сұранысқа ие.

Олег Бородулин, Ұлттық медиа қауымдастығы сараптама кеңесінің жетекшісі:

Қазір біз телеарна көрерменінің азайып бара жатқандығын байқап отырмыз. Бірақ соған қарамастан, халықтың талғамынан шығып отырған арналар бар. Мысалы, «Қазақстан» корпорациясының құрамындағы 4 телеарна бір күндік қаралымдардың 20 пайызын иеленеді. Яғни қазақ тілді аудиторияның 5-тен бірі осы арналардың тұрақты көрермені деп айтуға болады.

«Қазақ тілді өнімдерге сұраныстың артуы – жарнаманы да осы бағытқа бұру керек екендігін көрсетеді», - дейді мамандар. Сондықтан жиында жарнамалық роликтердің де сапасы жан-жақты талқыланды. Олардың мән-мазмұны, бағыты да пысықталды.

Аманкелді СЕЙТХАН


Хабарламаларға жазылу