Газды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз

24.10.2019

Шымкент қаласында биыл адамдардың газдан улануының 4 оқиғасы тіркелді. Мұндай қайғылы жағдайлар қыс кезінде жиілей түседі. Шаһарда жылыту мауысымының басталуы қарсыңында «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі жұртшылықпен кездесіп, оларға қауіпсіздік ережелерін айтып, түсіндіруде. Сондай-ақ, тұрғындарға сақтық шаралары туралы ескертпе қағаздар мен нұсқаулықтар таратылды. 

1 текше метр газдың жанып кетуі үшін оған он есе көп ауа қажет. Сондықтан газ қондырғылары тұрған бөлменің дұрыс желдетілуі аса маңызды. Мұржалар әр үш ай сайын тазалануы керек. «Су жылытатын қондырғыларды жуынатын бөлмеге орнатуға мүлдем болмайды», - дейді мамандар. 

Бауыржан Байтөреев, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының бас маманы:

Газ құбырларын дұрыс орнатпайды. Құбырларды дұрыс жалғамайды. Вентканалдарды тазалап тұру керек.

Шыменттегі әл-Фараби ауданында 780 көпқабатты және 15 мыңнан астам жер үй бар. Сараптама мәліметтеріне сүйенсек, газдан улану, жарылыс секілді жағдайлар көбіне көпқабатты үйлерде болады. Оның басты себебі, пәтерлердің біраз бөлігі өз алдына дербес қазандық орнатып алған. 

Ғабит Мәуленқұлов, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі:

Оның бәрі кезінде заңсыз қосылғаннан. Ол бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» өзі жұмыс істеп жатыр.

Газ мамандары қауіпсіздік шараларын тұрғындарға жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарын жыл сайын күшейтіп келеді. Жыл сайын жұртшылыққа сақтық талаптары жазылған 900 мыңнан астам нұсқаулық пен 7 мыңдай ескертпе қағаз таратылады. Бірақ тұрғындар салғырттығынан газдан улану көрсеткіші азаймай отыр. 

Былтырғы жылыту маусымында Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша 35 адам газдан уланып қайтыс болды. Сондықтан басты талап - газ жабдықтарын өз бетінше орнатуға болмайды, міндетті түрде газ компаниясының маманын шақырту керек. Ал газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу