Әкелердің қалалық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкелердің қалалық форумы өтті

23.10.2019

Әке – отбасы тірегі. Бүгін Елордада осындай атпен әкелер кеңесінің қалалық конвенті өтті. Аталған шара әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты үйлестіруге, балаларды тәрбиелеудегі әке рөлінің маңыздылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ бала үшін қауіпсіз ортаны құру мен отбасылық құндылықтарды нығайту көзделген.

Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында өткен «Елордалық әкелер кеңесіне» өскелең ұрпаққа үлгі болатын қаһарман әкелер қатысты. Олардың арасында әлеуметтік әлсіз жағдайда немесе ерекше күтімді талап ететін балаларды өсіріп, көпбалалы отбасын тәрбиелеп отырғандар да бар.

Жалғас Құсбеков, Әкелер кеңесінің мүшесі:

Әкенің рөлі отбасында азайып бара жатыр. Демек біз әкелерді ұйымдастырып, баланың өсу процесіне, бейімделу процесіне әкелерді араластырып жатырмыз. Себебі қырық мектеп берген білімді бір әкедей бере алмайды.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен шараға арнайы шақырылған әкелер өз көзқарастарымен бөлісіп, өмірлік ұстанымдарын көрермендерге жеткізді. «Бұл белсенді әкелердің қаланың әлеуметтік маңызды шараларына қатысуына септігін тигізеді»,- дейді ұйымдастырушылар.

Айымкүл Жабаева, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Бүгінгі жиналған конветте негізінен көп балалы отбасынан, одан кейін өздерінің қауіпті қызметтегілер келді. Мысалы, өрт сөндіру қызметіндегілер. Ол мамандықты неге таңдады деген мәселе көтеріледі. Олардың ерлігін, батырлығын насихаттау.

Елордалық әкелер кеңесі осыдан төрт жыл бұрын құрылған. Мақсаты — игі істерімен көзге көрінген әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру. Бүгінгі шараны Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасымен бірге оқушылар сарайы бірлесіп ұйымдастырған.  

Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу