Қ.Көшербаевтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті

23.10.2019

Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Геральдика орталығы құрылады. Бұл туралы Ақордада өткен жиында мәлім болды. Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев осыған орай Үкімет пен Президент әкімшілігіне тиісті ұсыныс берілуін тапсырды. Отырыста мемлекеттік рәміздер мен оларға теңестірілген наградалар геральдикасы сөз болды. Қырымбек Көшербаев қазақстандық спортшылар мен дарындардың арқасында біздің туымыз талай елдің төрінде желбіреп, әнұранымыз шырқалып жатқанын атап өтті. Алайда мемлекеттік рәміздеріміздің қорлануы, оларда қате кетуі сынды оқиғалар да болып жатады. Наградаларда символика оңды-солды, жөнсіз де қолданылып жатады. «Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін орталық құру қажет», - дейді Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насихаттауды нығайтып, оларды әзірлейтін мамандардың біліктілігіне талапты күшейту қажеттігі айтылды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығымен бірлесіп, барлық облыстар мен қалаларда мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталықтарының ашылуын қамтам асыз етсін. «Nur Otan» партиясы бастамасымен республика бойынша басталған «Менің туым, менің отаным» патриоттық акциясына жан-жақты қолдау көрсетілсін! Уәкілетті органдардың, аудандық және қалалық әкімдіктердің, шалғайдағы ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау саласындағы жұмысына бақылау күшейтілсін.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу