Сенат төрағасы Д.Назарбаева Ресейге сапары аясында В.Матвиенкомен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат төрағасы Д.Назарбаева Ресейге сапары аясында В.Матвиенкомен кездесті

23.10.2019

Қазақстандықтар Ресей шекарасы арқылы еш кедергісіз өтуі керек. Шекара аумағында тұратын азаматтардың қатынасын барынша жеңілдету мәселесін Сенат спикері Дариға Назарбаева Ресейге барған ресми сапары аясында көтерді. «Бұл әлеуметтік-экономикалық және мәдени байланыстың артуына оң әсер етеді, аймақтағы шағын және орта бизнестің өсуіне серпін береді», - деді ол. Сонымен қатар тепе-теңдік негізде визалық режим орнату жағын да айтты. Сенат спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен кездесті. Тараптар екі ел парламенттерінің байланысын нығайту қажеттігіне тоқталды. Спикерлер экологиядағы өзекті мәселелерді, өзара шекаралық аймақтардың суды пайдалануын тиімді реттеу және трансшекаралық өзендер ресурстарын қолдану жайын талқылады.

 Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:

Су ресурстарының 80 пайызы Ресей аумағында. Мәселен, Жайық өзенінің Қазақстан аумағындағы су деңгейі гидротехникалық нысандардың жұмысына тәуелді. Бұл тек Орынбор мен Орал аймақтарына қатысты мәселе ғана емес. Аталған мәселе Қазақстандағы бірнеше өңірді қамтып отыр. Бұл өңірлердің экономикалық дамуына кері әсерін тигізуде.

Валентина Матвиенко, РФ Федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрағасы:

Біз Қазақстанмен достық әрі іскерлік байланысты нығайтуға мүдделіміз. Бизнес екі ел арасындағы қарым-қатынастың арқасында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын тауып жатыр. Бүгінде алты жарым мыңнан астам ортақ кәсіпорын жұмыс істейді. Ресейлік инвестиция көлемі 13 миллиардтан асқан. Ал Ресей экономикасына құйылған қазақстандық инвестиция 4 миллиардқа жетті.

Валентина Матвиенко Дариға Назарбаеваны 2021 жылы өтетін үшінші Еуразиялық әйелдер форумының тең төрағасы болуға шақырды. Ал Матвиенкоға I дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Дариға Назарбаева ресми сапары аясында Ресейдің үкімет басшысы Дмитрий Медведевпен де кездесті.

Индира БЕГАЙДАР


Хабарламаларға жазылу