Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рейтингісі ел ішінде 70 пайыздан асады

22.10.2019

Қазақстан халқының 70,3 проценті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайды. Осындай деректі бүгін Еуразиялық интеграция институты жариялады. Мекеме елдің екінші Президентке деген сенім деңгейін де есептеп беріпті. Бұқаралық ақпарат құралдары жаппай осы статистиканы жариялап жатыр. Ал біздің тілшіміз сарапшылар мен қарапайым тұрғындардың пікірін тыңдап, Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың сенімі қандай екенін анықтауға тырысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін алғалы төрт айдан асты. Осы уақыт аралағында оның қызметіне қатысты қандай көзқарас қалыптасып жатыр? Осы сауалға жауап алу үшін Еуразиялық интеграция институты сауалнама жүргізді. Зерттеуге Қазақстанның әр аймағынан түрлі саладағы ұлт өкілдері қатысқан екен. Жастары 18-ден жоғары. Сауалнаманың қорытындысы бойынша 70,3 % Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдірсе, сенім деңгейі 74,9 % ке жеткен.

Дарханбек Жанділдин, Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары:

Бұл үлкен сауалнама 14 облыс, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өтті. Нәтиже өте тамаша. Былай түйінсөз айта кетсек, Президенттің рейтингі өсіп жатыр.

Осылайша, маусымдағы саяси додада халықтың 70,96 % дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев бейресми сауалнама кезінде де осы сенім үдесінен шыққанын көрсетті. Бұған басты себеп: оның сайлауалды бағдарламасында берген уәдесінде тұруы. Сондай-ақ халықтың ойын дөп басып, алдымен қордаланып қалған мәселелерді шешуі.

Ерлан Сайыров, сарапшы:

Уақыт аз болғанымен, бүгінгі таңда айтқан уәждердің барлығы орындалып жатыр. Мысал үшін Президент болғаннан кейін біздің еліміздегі қоғамдық-саяси процестерді либерилизациялау жөнінде үлкен сұраныс болды. Ұлттық кеңес жұмыс істеп жатыр. Осы Ұлттық кеңестің аясында қоғамдық процестерді бір сарынға түсіретін белгілі бір процестер жүріп жатыр. Сонымен бірге «тыңдайтын мемлекет» деген жаңа бір термин пайда болды.

Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев бюрократиялық бөгеттерді бұзуға барын салып жатыр. Ол үшін әлеуметтік желілерді ұтымды әрі тиімді пайдаланып келеді. Оқыс оқиға, маңызды мәселелерге қатысты тапсырманы твиттер арқылы да беріп тұру, бір жағынан, шешімді тез арада қабылдауға сеп болады. Екінші жағынан, халыққа жақындығын көрсетеді. Өйткені әлеуметтік желілердегі Президенттің парақшасына күнделікті мыңдаған сауал мен өтініш келіп түседі.

 Талғат Қалиев, сарапшы:

Қазіргі аудитория көбінесе телевизияда емес, осы смартфон арқылы ақпарат алады. Жастардың көбі солай ақпарат алады. Сондықтан олар қарап отырады да өзіне сәйкес адамды іздейді. Егер ол твиттер қолданса, әлеуметтік желіде болса, орысша айтақнда «свой». Әсіресе жастар солай қарайды, Президент «тез шешім қабылдайды», тез жауап береді, өзі әлеуметтік желіде отырып, twitter жүргізуі жастар қолдайтын мәселелер.

Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша халық Президенттің мына бастамаларын құптап отыр. «Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы мәлімдемесі», «Адамдарға, әсіресе, балаларға қарсы ауыр қылмыстарға берілетін жазаны күшейту», «Көп балалы және табысы аз отбасыларға жалдамалы баспана беру», «Несие рақымшылығы»... Ұлттық арна да институт ізімен сауалнама жүргізіп көрді. Бізге сұхбат берген адамдардың пікірі мынадай…

Кез келген істі бизнесмендер үмітке сүйеніп бастайды. Серіктес сөзінде тұра алса, үміт сенімге айналады. Президент сайлағанда да осы қағида жұмыс істейді. Әзірге төрт ай қорытындысы сенім деңгейі түспегенін дәлелдеп тұр.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу